ASTANA. 30.05.2026. Munarmedia.kz – Германияның әйгілі автоконцерні Mercedes-Benz АҚШ нарығында жаңа шектеулерге ұшырауы ықтимал. Бұған АҚШ Конгресінде қаралып жатқан заң жобасы себеп болып отыр, деп хабарлайды CNBC.
Заң жобасы АҚШ-тың автомобиль өнеркәсібіндегі Қытай ықпалын азайтуға бағытталған. Құжаттың қазіргі нұсқасына сәйкес, «АҚШ қарсыластары» ретінде танылған мемлекеттердің үкіметтері тікелей немесе жанама түрде қатысатын компанияларға ел аумағында автокөлік өндіруге, сатуға немесе импорттауға тыйым салынуы мүмкін.
Заң жобасында мұндай мемлекеттер қатарына Қытай, Ресей және Солтүстік Корея енгізілген.
Сарапшылардың назарын аударған мәселелердің бірі – Mercedes-Benz акционерлік құрылымы. Неміс компаниясының шамамен 10 пайыз акциясы қытайлық мемлекеттік BAIC Group корпорациясына тиесілі. Бұдан бөлек, акциялардың 9,69 пайызын қытайлық кәсіпкер, Geely компаниясының негізін қалаушы Ли Шуфу бақылайды.
Mercedes-Benz әзірге заңнамалық бастамаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Компания тек АҚШ-та екі ірі өндірістік алаңы бар екенін және 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырғанын еске салды.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар тек Mercedes-Benz-ке ғана емес, қытайлық капитал қатысатын басқа да автомобиль брендтеріне әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында Volvo Cars, Lotus Cars, Faraday Future және Karma Automotive бар.
Заң жобасы әзірге талқылау кезеңінде. Автомобиль индустриясының өкілдері Қытай ықпалын шектеу саясатын қолдағанымен, құжаттың жекелеген нормаларын қайта қарауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, заң қазіргі қалпында қабылданса, АҚШ-та жұмыс істеп жатқан халықаралық автоконцерндерге күтпеген қиындықтар туғызуы мүмкін.
Сарапшылар бұл бастама қабылданған жағдайда америкалық автомобиль нарығындағы күштердің ара салмағы өзгеріп, өндіріс, логистика және дилерлік желілердегі мыңдаған жұмыс орнына әсер етуі ықтимал екенін атап өтуде.
#MercedesBenz #АҚШ #Автонарық #Қытай #BAIC #Geely #Автоөнеркәсіп #Экономика #MunarMedia