Эстония әйелдерді міндетті әскери қызметке тартуды қарастыруда

64


ASTANA. 30.05.2026. Munarmedia.kz – Эстония билігі әйелдерді міндетті әскери қызметке шақыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы елдің Қорғаныс ресурстары департаментінің басшысы мәлімдеді.

Эстония қорғаныс саласындағы жауапты өкілдің айтуынша, әйелдерді әскерге шақыру – уақыт еншісіндегі мәселе. Бұған елдегі демографиялық ахуал тікелей әсер етіп отыр.

Ресми деректерге сәйкес, соңғы 15–20 жылда Эстонияда жыл сайын шамамен 15 мыңға жуық ұл бала дүниеге келген болса, қазіргі көрсеткіш 4–5 мыңға дейін төмендеген. Мамандар мұндай үрдіс сақталса, 2040 жылға қарай армияны тек ер азаматтар есебінен толықтыру мүмкін болмайтынын ескертуде.

Осыған байланысты қорғаныс саласында әйелдерді әскери дайындықтан өткізу және әскер қатарына тарту мәселесі күн тәртібіне шығарылып отыр. Бұл қадам елдің қорғаныс қабілетін сақтау және әскери резервті кеңейту қажеттілігімен түсіндірілуде.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Еуропадағы бірқатар мемлекеттерде байқалып отырған демографиялық және қауіпсіздік тенденцияларымен байланысты.

#Эстония #ӘскериҚызмет #Қорғаныс #Демография #Еуропа #ӘйелдерӘскериҚызметте #MunarMedia