Маңғыстауда «West Oil Software» басшыларына үкім шықты

25

Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, жұмысшылар ереуілдерімен аты шыққан «West Oil Software» компаниясының басшылығына бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша сот үкімі жарияланды.

2024 жылы мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда жүргізілген тексеріс барысында «West Oil Software» компаниясының 400 миллион теңгеден астам еңбекақыны шын мәнінде жұмыс істемеген адамдарға төлегені анықталды. Тізімде компания басшыларының жақын туыстары да болған.

Тергеу аясында құқық қорғау органдары кәсіпорында жетекші лауазым атқарған үш қызметкерді қамауға алды.

«Сот барлық тұлғаны кінәлі деп танып, әрқайсысына түрлі жаза тағайындады. Атап айтқанда, компанияның бір басшысы бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл екі ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген ресми хабарламада.

Сотталғандар келтірілген шығынның бір бөлігін өтеп, 261 миллион теңгені қазынаға қайтарды.

«West Oil Software» ЖШС «МаңғыстауМұнайГаздың» екі кен орнында көлік қызметін көрсетіп, «Ойл Транспорт Корпорейшн» компаниясының мердігері ретінде жұмыс істейді. Аталған серіктестік бұған дейін де қоғам назарын аударған еді: мұнда еңбек ететін 500-ден астам жұмысшы, негізінен жүргізушілер, бірнеше ай бойы ереуілге шығып, ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» штатына қабылдауды, бірыңғай еңбекақы жүйесін қолдануды және техниканы жаңғыртуды талап еткен. Дегенмен бұл ереуіл сәтсіз аяқталған болатын.