Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/-Ауғанстанды бақылауда ұстап отырған «Талибан»* қозғалысы елдің солтүстігіндегі Балх провинциясында интернетке бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізді. «Афганский инсайдер» дерегінше, аталған өңірде үйлер мен кеңселерге арналған сымды және Wi-Fi байланысы толығымен өшірілген.
Нәтижесінде провинция орталығы – Мазари-Шариф қаласында интернетке тек мобильді және спутниктік желілер арқылы ғана қосылу мүмкіндігі сақталған.
Жергілікті биліктің ресми түсіндіруінше, Узбекистан аумағы арқылы өтетін арналарды қоса есептегенде, барлық байланыс арналары «Талибан»* жетекшісі Хайбатулла Ахунзададың тікелей нұсқауымен тоқтатылған. Бұл қадамның себебі ретінде «зиянды әрекеттердің алдын алу» және «қоғамдағы азғындыққа қарсы күрес» қажеттілігі көрсетілді.
16 қыркүйек кешінен бастап интернетті өшіру науқаны елдің оңтүстігіне де тарала бастады. Кандагар мен Гильменд провинцияларында тұрғындар үй және кеңсе интернетінен ажыратылып, тек мобильді байланыс арқылы ғана желіге шыға алуда. Алайда пайдаланушылардың айтуынша, мобильді интернет сапасы айтарлықтай нашарлаған.
Ауған журналисі Билал Сарваридің хабарлауынша, «Талибан»* интернеттің болашақтағы тағдырына қатысты түпкілікті шешім қабылдамаған. Оның дерегіне сәйкес, Мазари-Шарифте вали (облыс наместнигі) мен «Талибанның»* байланыс министрі арасында қайшылық туындаған. Кандагардағы орталыққа жақын саналатын вали мәселені өз бетінше шешкен.
Интернетті толық шектеу мәселесі бұған дейін қозғалыстың жоғарғы деңгейінде де талқыланған. Кабулдағы басшылық оның қауіпсіздік тұрғысынан белгілі бір пайдасын мойындағанымен, оған қарсы топтар да бар. Сарапшылардың пайымынша, интернетті шектеу саясаты кезең-кезеңімен енгізілуі ықтимал.
Балх провинциясының билігі «аса қажет жағдайда» мемлекеттік мекемелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін ішкі баламалы интернет арналары жасалатынын мәлімдеді.
* «Талибан» қозғалысы БҰҰ тарапынан террористік ұйым ретінде санкцияға ұшыраған. Ресейде Жоғарғы сот уақытша түрде қозғалысқа қатысты тыйымды алып тастаған.