Маңғыстауда шенеуніктер 9 млрд теңгені негізсіз жұмсамақ болған: 155 қызметкер жазаланды

19

Munarmedia.kz 12.11.2025 /Астана/  Биыл Маңғыстау облысында мемлекеттік мекемелердің бірқатар шенеуніктері 9 миллиард теңгені мақсатсыз жұмсауға әрекеттенген, алайда прокуратура араласып, заңсыздықтың жолын кесті. Бұл туралы өңірдің қадағалау органы хабарлады.

Тексеру нәтижесінде барлық қала мен аудан деңгейінде бұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарларында тауарлар мен қызметтердің құнын негізсіз өсіру, артық немесе қажетсіз жұмыстарды жоспарлау деректері тіркелген.

«Бюджеттік өтінімдерсіз қаржы бөлу және жоспарға кірмеген шығындарды бекіту фактілері де анықталды», — деп мәлімдеді облыстық прокуратура өкілдері.

Қадағалау органдарының қорытындысы бойынша 155 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 121 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылса, қалғандарына әкімшілік айыппұл салынған.

Прокуратура мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау және бюджет тәртібін сақтау бойынша бақылауды күшейтетінін атап өтті.