Munarmedia.kz 19.09.2025 ж. /Астана/
Бүгін Көкшетау қаласында «Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облыстық филиалының бастамасымен аймақтағы саяси партия филиалдарының жетекшілері бас қосқан маңызды жиын өтті. Жиынды "Байтақ" жасылдар партиясының Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелді Ақмола обылстық партия филиалының төрағасы Баяжума Асылбек жүргізді. «Біз Президент реформасын қолдаймыз!» деген айдармен ұйымдастырылған дөңгелек үстелге «AMANAT», «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл», «Республика» және «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларына кеңінен тоқталды. Олар бұл бастамалардың ел дамуына тың серпін беретінін, әділетті қоғам құруға, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, партия жетекшілері саяси жүйені демократияландыру, жастар әлеуетін арттыру, әлеуметтік әділеттілік пен экологиялық қауіпсіздік мәселелерін де талқылап, ортақ пікірге келді.
Қатысушылар Президент Жолдауындағы әрбір басымдыққа жеке-жеке тоқталып, оны алдағы уақытта сайлаушылар арасында кеңінен түсіндіру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, жасанды интеллектіні қолданудың мүмкіндіктеріне назар аударып, оның елдің инновациялық дамуына серпін беретіні айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында партия филиалдарының жетекшілері ортақ резолюция қабылдап, ел мен халық мүддесі үшін күш біріктіруге уағдаласты.
Айта кету керек, Ақмола облысында саяси партиялардың осылай алғаш рет бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шарасы өтті. Бұл – өңірдің саяси мәдениетін жетілдіруге, бірлік пен өзара сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Президент реформаларын қолдау – мемлекет болашағына қосылған үлес!