Көкшетауда елімізде баламасы жоқ «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені ашылды

42

Munarmedia.kz 16.12.2025 /Астана/ Көкшетау қаласында құны 12 млрд теңгеден асатын, Қазақстанда баламасы жоқ заманауи көпфункционалды спорт кешені — «Kokshe Arena» пайдалануға берілді. Нысан арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған.

Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин мен UFC ұйымы аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.

Мерекелік кеш барысында қонақтар үшін отандық эстраданың примадоннасы Роза Рымбаева өнер көрсетті.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Бас прокурор Берік Асылов қайтарылған активтердің мақсатты пайдаланылуына ерекше бақылау жасалатынын атап өтті.

«Біз қайтарылған активтердің мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылап отырмыз. Әрбір теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі тиіс. Бұл шаралардың барлығы “Заң мен тәртіп” идеологиясына толық сай келеді және қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ спортты дамытуға, жастарды “Адал азамат” тұжырымдамасы рухында тәрбиелеуге жағдай жасайды», — деді Б. Асылов.

Жаңа спорт кешенінің құрамына скалодромы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы, сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары кіреді. Барлық залдар олимпиадалық стандартқа сай сертификатталған жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы инфрақұрылым қарастырылған. Ғимараттың ең жоғары сыйымдылығы — шамамен 1 000 адам.

Жобаның бірегей ерекшелігі — кез келген уақытта кеңейту мүмкіндігі. Кешеннің құрылымы «лего» қағидаты бойынша қосымша блоктар салуға мүмкіндік береді.

Ішкі инфрақұрылым да заманауи функционалдық шешімдермен жабдықталған. Мәселен, залдардың бірінде телескопиялық трибуналар орнатылған, ал қабырғалар дыбыс оқшаулайтын панельдермен қапталған. Бұл кешенде спорттық жарыстармен қатар концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге жол ашады.

Айта кетейік, «Kokshe Arena» Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен салынған екінші спорт нысаны болып отыр. Бұған дейін Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі пайдалануға берілген еді.