Munarmedia.kz 17.12.2025 /АСТАНА/ «Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерацияның» (FIDH) делегациясы Қырғызстан аумағына өткізілген жоқ. Бұл туралы Kaktus.Media басылымы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға Ресейде аталған ұйым «жағымсыз ұйымдар» тізіміне енгізілгеннен 10 күн өткен соң болған.
FIDH қауымдастығы 1992 жылы Францияда құрылған.
«Бир Дуйно — Кыргызстан» құқық қорғау қозғалысының өкілдерінің мәліметінше, Қырғызстан шекарашылары миссия мүшелерінің паспорттарын тәркілеп, ешқандай түсіндірме берместен және ресми хабарламалар тапсырмастан, оларды елден депортациялаған.
FIDH өкілдері, соның ішінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша департамент директоры Илья Нузов, Бішкекке «Бир Дуйно — Кыргызстан» ұйымы өткізетін адам құқықтары жөніндегі 19-документалды фильмдер фестиваліне қатысу үшін келген.
Іс-шара ұйымдастырушылары елге кіруге тыйым салуды:
азаматтық қоғамға қысым көрсету,
ашық диалогқа кедергі келтіру
деп бағалады. Олар Қырғыз Республикасы билігінен депортацияға ресми түсіндірме беруді және халықаралық міндеттемелердің сақталуын талап етті.
Ал Қырғызстанның Шекара қызметі елге кіргізуден бас тарту қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Ведомствоның нақтылауынша, Илья Нузовқа Қырғызстан аумағына кіруге рұқсат берілген, ал шекарадан өтуден бас тарту туралы актілер делегацияның өзге мүшелеріне ғана өткізу бекетінің өзінде табысталған.