Инфляция бақылаудан шығып барады

34

Munarmedia.kz 12.10.2025 /Астана/ 2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында Қаржы министрлігі инфляцияны 10% деңгейінде болжайды. Бұл көрсеткіш қағаз жүзінде әдемі көрінгенімен, соңғы жылдардың тәжірибесі мұндай болжамдардың жиі орындалмайтынын көрсетіп отыр.

2015 жылдан бері нақты инфляция тек екі рет қана болжамнан төмен болды, ал үш рет керісінше — екі еседен асып кетті.

  • 2023 жылы күтілген 8%-дың орнына 20%,

  • 2024 жылы — 8% орнына шамамен 15%,

  • 2025 жылға да үкімет оптимизммен кірген.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жыл басында баға өсімі 5,5–7,5% аралығында болады деген еді. Бірақ жазға қарай болжамды 12,5%-ға дейін көтеруге мәжбүр болды. Қыркүйекті ел жылдық инфляция 12,9% деңгейінде жапты.

Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, қыркүйекте инфляцияның өсуі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауынан болған. Әдетте осы айда баға өсімі бәсеңдейтін, бірақ биыл жағдай керісінше өрбіді.

Үкімет тарифтерді жыл соңына дейін көтеруге тыйым салғанымен, оны азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасы «жарып өтті». Бұл — келесі жылы тарифтер міндетті түрде «қайта өседі» деген сөз.

Инфляцияның кез келген серпіні әлеуметтік төлемдерге тікелей әсер етеді. 2026 жылы зейнетақы, жәрдемақы және ең төменгі күнкөріс деңгейі 10%-ға өседі деп жоспарланған. Егер инфляция жоспарланғаннан жоғары болса, ең алдымен халықтың ең осал топтары зардап шегеді.

Ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде қалмақ. Қазақстанда 790 мың адам осы мөлшерде еңбекақы алады. Егер инфляция 15–20%-ға жетсе, бұл жалақы сатып алу қабілетінің нақты төмендеуіне әкеледі.

Зейнетақы мен жәрдемақы индексациясы да инфляцияны толық жаппайды, ал студенттердің стипендиясы тұтыну себетінің ең төменгі шегінен төмен қала береді. Бұл әлеуметтік топтар ел халқының екіден үшін құрайды.

2026 жылғы бюджеттік шығындар 27,7 трлн теңге, ал кірістер 23,1 трлн теңге деп жоспарланған. Дефицит — 4,5 трлн теңгеден асады, бұл үкіметтің маневр жасау мүмкіндігін шектейді.

Қорлар да шектеулі:

  • Үкімет қарауындағы 500 млрд теңгелік резерв — негізінен төтенше жағдайларға арналған.

  • Ұлттық қор жылдан жылға азайып барады, ал келесі жылы оны «ерекше жағдайда ғана» пайдалануға уәде берілген.

  • Соңғы нұсқа — шығындарды қайта бөлу, яғни күрделі инвестицияларды қысқартып, әлеуметтік төлемдерге қаражат аудару.

Егер инфляция 10%-дан асып кетсе, билік жедел шаралар қабылдауға мәжбүр болады:

  • Зейнетақы, жәрдемақы және бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын қосымша индексациялау;

  • Мақсатты субсидиялар — тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке, дәрі-дәрмекке;

  • Тарифтерді уақытша мұздату;

  • Импортты шектеу және ішкі өндірісті субсидиялау арқылы бағаны тұрақтандыру.

Алайда мұндай шаралардың да құны бар: бюджет тапшылығының өсуі, Ұлттық қорға түсетін қысым және инвестициялық ахуалдың нашарлауы.

Экономистер үш ықтимал бағытты болжайды:

  1. Базалық (10–11%)

    • Ресми болжамдарға сәйкес.

    • Әлеуметтік төлемдер инфляцияға сай индексацияланады, нақты табыс деңгейі шамамен сақталады.

    • Бюджет тапшылығы басқарылатын күйде қалады.

  2. Оптимистік (7–8%)

    • Баға өсімі әлемдік азық-түлік және энергия нарықтарының тұрақтануынан бәсеңдейді.

    • Халықтың нақты табысы артады.

    • Үкімет резервтерді толықтыруға немесе инвестицияға бағыттай алады.

  3. Стрестік (12–15% және одан жоғары)

    • Сыртқы шоктар — мұнай мен газ бағасының өсуі, импорттағы үзілістер, теңгенің девальвациясы.

    • Зейнетақы, жәрдемақы және ең төменгі жалақы тұтыну себетін жаппай қалады.

    • Үкімет тарифтерді уақытша тоқтатып, қосымша субсидиялар енгізіп, Ұлттық қордан қаржы тартуға мәжбүр болады.

Соңғы жылдардағы тәжірибе мен қазіргі үрдістерді ескерсек, 10% инфляциялық болжам — базалық емес, оптимистік сценарийге көбірек ұқсайды.

Негізгі сұрақ: Үкімет ең нашар жағдайға дайын ба, әлде тағы да өз болжамдарына ғана сеніп отыр ма?

Фото: iStock