Munarmedia.kz. /Астана/- Еуропаның индустриялық локомотиві саналған Германия бұрын-соңды болмаған өндірістік құлдырауды бастан өткеріп жатыр. LCI телеарнасы мен Германия Өнеркәсіп одағының (BDI) деректеріне сүйенсек, соғыстан кейін қалыптасқан экспортқа бағытталған экономикалық модель қазір күйреу кезеңіне кірді.
Соңғы төрт жыл қатарынан өндіріс төмендеп келеді. Бұл көрсеткіш тіпті 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысында байқалған құлдыраудан да терең. Неміс өнеркәсібінің дәстүрлі тірегі болған автомобиль жасау, машина құрастыру және химия секторларының бәсеңдеуі ел экономикасының жалпы динамикасын тежеп отыр.
Француз экономисі Николя Доз бұл жағдайды өте дәл сипаттап өтті:
— «Неміс экономикалық машинасын жүргізіп тұрған тетік толықтай тұрып қалды. Барлығын тоқырау қысқан», — дейді сарапшы.
Экономистердің пікірінше, дағдарыстың себептері көпқабатты: қымбат энергия, Қытай нарығындағы сұраныстың әлсіреуі, геосаяси белгісіздік, сондай-ақ ЕО-ның ішкі бәсекелестік артықшылықтарының жойылуы Германияның бұрынғы экспорттық моделін тиімсіз етіп отыр.
Сарапшылар Берлиндегі жағдай Еуропа экономикасының жалпы болашағына қатысты да елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.