Munarmedia.kz 17.12.2025 /АСТАНА/ Павлодарда еркін күрестен танымал қазақстандық спортшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты резонансты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Іс материалдарына сәйкес, биылғы жылдың қыркүйек айында сағат 21:00 шамасында Ұлттық ұланның үш әскери қызметкерінен құралған патруль спортшыны қалалық дәмханалардың бірінің маңында тоқтатқан. Бұған себеп — куәгерлердің айтуынша, мас күйде болып, шу шығарып, өзін агрессивті ұстаған ер адамға қатысты түскен шағым.
Патруль қызметкерлерінің ескертуіне Шабанбай балағат сөздермен жауап берген, содан кейін күш қолданған:
бір әскери қызметкерді итеріп жіберген,
наряд бастығын иығынан теуіп, бетіне жұдырық жұмсаған,
үшінші қызметкерге көз тұсынан соққы тиген.
Спортшыны ұстау үшін қосымша патрульдер шақырылып, олар Шабанбайды жерге жатқызып, қолына кісен салған.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта сот жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыға «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Дәулет Шабанбай кінәсін толық мойындады, алайда жарыссөзге қатысудан бас тартып, жәбірленушілерден кешірім сұраумен шектелді.
«Мен тек кешірім сұрағым келеді! Жігіттер, ренжімеңдер», — деді ол сот залында.
Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтаған. Оның ең ірі жетістіктерінің бірі — 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының қола медалі. Аталған жүлде спортшыға 2022 жылы, жарыстың екі жүлдегері допинг қолданғаны үшін дисквалификацияланғаннан кейін ғана табысталған.