Munarmedia.kz 14.04.2026/Astana/ – Қазақстанның сыртқы қарызы 182 млрд долларға дейін өсіп, соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім қарқынын көрсетті.
Соңғы бір жылда қарыз көлемі 17,2 млрд долларға немесе 10,4 пайызға артқан. Бұл ретте көрсеткіштер тек жалпы көлем бойынша ғана емес, негізгі индикаторлар бойынша да ұлғайған.
Атап айтқанда, фирмааралық берешекті қоса есептегенде сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 56,6 пайыздан 59,4 пайызға дейін өсті. Ал оны есепке алмағанда бұл көрсеткіш 25,3 пайыздан 30,1 пайызға дейін артқан.
Сонымен қатар, экспорттық кірістерге түсетін жүктеме де күшейген. Қарыздың тауарлар мен қызметтердің жылдық экспортына қатынасы 182,7 пайыздан 201,7 пайызға дейін (фирмааралық берешекті қоса алғанда) немесе 81,6 пайыздан 102 пайызға дейін (оны есепке алмағанда) ұлғайған.
Бұл жағдай сыртқы нарықтарға тәуелділіктің артып, өтімділік тәуекелдерінің күшеюі мүмкін екенін аңғартады.
#Қазақстан #Экономика #СыртқыҚарыз #ЖІӨ #Экспорт #Қаржы