Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

"Деректерді өшірген". Жамбылдық прокурордың үндеуінен кейін департамент басшысы орнын босатты...

64



Жамбыл облысы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев орнын босатты.

Бұл туралы Бас прокуратура Ertenmedia агенттігіне хабарлады.

Бүркітбаевтың отставкаға кетуі департаменттің экс-қызметкері Әлия Қожабекованың әлемжеліде президент Тоқаевқа жолдаған даулы үндеуімен тұспа-тұс келді.



Қожабекова өзі қызмет еткен мекемедегі бірқатар сорақы жайтты жайып салған. Оның айтуынша, әріптестері жылдар бойы сотталған азаматтар туралы деректерді қылмыстық базадан өшіріп келген.

"Тексеру нәтижесінде еш жазығым жоқ маған жала жабылып, бөлім басшылығынан босатты. Қызметімде қудалауға ұшырап, бала-шағаммен басқа ауданға ауысуға мәжбүр болдым.

Сотталған азаматтардың мәліметін өшіру 2013 жылдан басталған. 11 жылдан соң департаментке қайта оралғанда, заңсыздықтың әлі де жалғасып жатқанына куә боп, басшылыққа рапорт жаздым. Әлгі әрекетім үшін маған қысым көрсетіліп, ақыр соңы жұмыстан қуып жіберді", – деген еді экс-прокурор.

Сондай-ақ ол осыған дейін Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру формалды түрде ғана жүргізіліп, еш нәтиже бермегенін ашық айтқан.

4 маусым күні кезекті рет бейнеүндеу жолдаған экс-прокурор ақыры мақсатына жеткен сынды.



Өңірдегі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев жұмыстан қуылды. Бүркітбаев мекемені 2022 жылдың қазан айынан бастап басқарған. Әзірге отставканың нақты себебі туралы толық ақпарат берілген жоқ.

Департаментті осымен үшінші мәрте тексеріп жатқан Бас прокуратураның жауабын асыға күтеміз.