Munarmedia.kz 16.04.2026/Astana/ – «Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында Түркістан облысы бойынша 2 символдық және 13 заттық Балуан тас ресми түрде енгізілді. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен «Балуан тас сапары» ғылыми-танымдық экспедициясының қорытынды баспасөз конференциясында мәлім болды.
Жиын Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтті. Аталған экспедиция 2026 жылғы 18–21 наурыз аралығында өңір әкімдігінің қолдауымен Baluan tas академиясы бастамасымен ұйымдастырылған. Жоба «Қазақ күшінің картасы» атты ірі ғылыми-мәдени бастама аясында жүзеге асырылды.
Экспедиция барысында зерттеу тобы Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласын қамтып, тарихи және сакралды нысандарға кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Экспедиция жетекшісі, академия президенті Абылайхан Қалназаров «Балуан тас» ұғымы тек физикалық күштің белгісі емес, ұлттық сана мен тарихи жадтың көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба аясында «символдық Балуан тас» түсінігі ғылыми айналымға енгізіліп отыр.
Зерттеу нәтижесінде 1000 шақырымға жуық жол жүріліп, 10-нан астам киелі нысан зерделенді. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлы есімімен байланысты тарихи деректер мен балуантастар зерттеліп, жаңа мәліметтер анықталған.
Экспедиция барысында қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің маңызды элементі – «Балуан тас көтеру» рәсімі 80 жылдан астам уақыттан кейін қайта жаңғыртылды. Бұл шара Наурыз мерекесі кезінде өтіп, палуан Арман Сүлеймен 200 келіге жуық тасты көтеріп, көпшілік назарын аударды.
Жоба аясында ғылыми еңбектерге арналған тың материалдар жиналып, бірқатар кітаптар әзірленуде. Сонымен қатар 5 «Күш лекциясы» өткізіліп, 3 мыңға жуық адам қамтылған.
Open Turkistan орталығының басшысы Асқар Әбубәкіров бұл бастама өңірлік туризмді дамытуға серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, экспедиция нәтижелері жаңа туристік маршруттар қалыптастыруға негіз болады.
Жоба бұған дейін Ақтөбе облысы мен Павлодар облысы өңірлерінде жүзеге асырылған. Алдағы уақытта Қостанай, Маңғыстау және Абай облыстарына экспедициялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, «Қазақ күшінің картасы» жобасы ұлттық мұраны жүйелеуге, тарихи жадыны жаңғыртуға және туризмді дамытуға ықпал ететін маңызды ғылыми-мәдени бастама болып табылады.
#Түркістан #БалуанТас #ҚазақКүші #МәдениМұра #Туризм #Қазақстан #Astana #Munarmedia