Munarmedia.kz | 10.06.2025 / Астана-Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде білім алатын Әзербайжан әскери қызметкерлері енді сабақтарды қазақ тілінде өтуді сұраған. Бұл туралы аталған университеттің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz haqqin.az Әзербайжандық интернет-басылымына сілтеме жасап.
«Әзербайжанда олар білімді әзербайжан, түрік немесе ағылшын тілдерінде алады. Осыған байланысты олар біздің университетімізде де сабақтарды қазақ тілінде өтуді қалады», — деді генерал-майор Мұстабеков.
Оның айтуынша, осы сұраныс негізінде 1 қыркүйектен бастап университетте арнайы қазақ тілі курстары ашылады. «Алдымен олар қазақ тілін оқып үйренеді. Курстар 9 айға созылады», — деп нақтылады ол.
Генерал-майор сондай-ақ бұл курстардың форматы бұған дейін университетте қолданыста болған орыс тілі курстарына ұқсас болатынын атап өтті. «Біздің университетте Қытай, Франция және Үндістан офицерлері де орыс тілін меңгеріп, кейіннен негізгі әскери білім алады», — деді Мұстабеков.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде ҰҚШҰ елдерінен келген әскери қызметкерлер білім алып жатыр. Олар үшін сабақтар дәстүрлі түрде орыс тілінде жүргізіледі.