Munarmedia.kz 02.09.2025 / Астана / Түнде Ауғанстанның Кунар провинциясында магнитудасы 6,0 болатын жойқын жер сілкінісі тіркеліп, оның салдарынан 800-ден астам адам қаза тауып, бір жарым мыңнан астам адам жараланды.
Табиғи апат Пәкістанмен шекаралас аумақта орын алған. Эпицентрі Желалабад қаласына жақын, 14 шақырым тереңдікте болған.
Ең көп зардап шеккен өңірлер — Нургал, Цавкай, Ватапур, Манугай және Чапа-Дара аудандары. Нургал ауданында бүтін ауылдар жер астында қалып қойған, үйінділер астында әлі де жүздеген адам болуы мүмкін деген болжам бар.
Билік ауқымды құтқару операциясын бастады. Іздеу-құтқару жұмыстарына көршілес провинциялардан төтенше жағдайлар қызметтері мен ерікті тұрғындар жұмылдырылды. Қаза тапқандар саны алдағы уақытта артуы мүмкін.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында да Ауғанстанда табиғи апаттар салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тапқан болатын.