Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айға жуық тоқтайды — басты себеп УЗК қондырғысының жөндеуі

26



MUNARMEDIA.KZ 16.09.2025 /АСТАНА/-Атырау мұнай өңдеу зауыты 1 қазаннан 25 қазанға дейін жоспарлы түрде тоқтап, негізгі қондырғылардың бірі — кешіктіріп кокстеу қондырғысына (УЗК) күрделі жөндеу жүргізілмек.

«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, кеше зауытқа ұлттық компания басқармасының төрағасы Асхат Хасенов арнайы барып, жөндеу жұмыстарына дайындық барысын тексерді.

Жоспар бойынша қазан айында зауытта мыңдаған жабдық техникалық сараптамадан өтеді: 1,1 мыңнан астам қысым ыдыстары мен аппараттар, 1,4 мың құбыр желісі және 46 пеш қаралып, 316 тоннадан аса катализатор ауыстырылады. Бұл жұмыстарға барлығы 1880 маман жұмылдырылмақ.

«Жөндеудің ең күрделі бөлігі — УЗК реакторларының конусты түптерін алмастыру. Ол үшін зауыт аумағында әрқайсысының жүк көтергіштігі 750 тонна болатын екі бірегей кран орнатылады», — деп хабарлады «ҚазМұнайГаз».

УЗК қондырғысы — АНПЗ жұмысының жүрегі саналады. Өткен жылы дәл осы қондырғыдағы ақаулардың кесірінен зауыт ұзақ уақыт толық қуатта жұмыс істей алмады. Сол себепті кәсіпорынның бұрынғы бас директоры Жусанбаев сөгіс алып, қызметінен босатылған еді.

Жоспарлы тоқтау кезінде зауыт жанар-жағармай қорын құрып, Батыс Қазақстан өңірін тұрақты отынмен қамтамасыз етпек. Асхат Хасенов зауыт басшылығына жөндеуді сапалы атқарып, барлық қондырғының сенімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, ұлттық компания басшысы мұнай өңдеудің жылдық көлемін 6,1 млн тоннаға жеткізу және жөндеуаралық кезеңді үш жылға дейін ұзарту міндетін қойды.


📌 Бұл жоспарлы жөндеу жұмыстары тек техникалық қадам ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен аймақтық тұрақтылық үшін маңызды фактор саналады. АНПЗ-дың үздіксіз әрі тиімді жұмысы елдің отын нарығындағы теңгерімді сақтауға тікелей ықпал етеді.