Бүгін әлемдік нарықта маусым айындағы алтын фьючерстерінің бағасы жаңа рекорд орнатып, бір трой унциясы үшін 3388 АҚШ долларынан асты. Мұндай шарықтау «Трампотариф» құбылысымен тікелей байланысты және биржалардағы раллидің қанша уақытқа созылары әлі де белгісіз.
2025 жылдың алғашқы төрт айында алтын бағасы 3000 доллар межесінен асып, сәуірде 3321 долларға, ал маусым фьючерстері 3388 долларға дейін көтерілді. Алтын бағасының небәрі 210 күн ішінде 2500 доллардан 3000 долларға дейін шарықтауы соңғы он жылда алғаш рет тіркеліп отыр. АҚШ пен Қытай арасындағы тірес енді ғана қызып жатқандықтан, алтынның түпкілікті бағасы қандай боларын ешкім болжай алмайды.
Шынымен де, былтыр Қазақстан сыртқы нарықта алтынды ең көп сатқан елдердің үштігіне кірді. Еліміз сол жылы сыртқы нарыққа 10 тонна алтын, ішкі нарыққа 1,7 алтын құймасын сатып жіберген. Ол кездегі әлемдік орташа баға бір унцияға 2500-2700 доллар аралығында болғанын ескерсек, 2600 доллар деп алғанда сыртқа алтын сатудан еліміз 917,1 миллион доллар түсім алғанын байқауға болады.
Дәл қазір Ұлттық Банк 29,14 миллиард доллардың алтынын ұстап отыр. Бұл кемінде 283 тонна таза алтын. Сыртқа қанша алтын сатса да, елдегі алтын-валюта қоры азаймайды. Себебі, еліміздегі алтын өндіретін мекемелер ол алтынды Ұлттық Банкке сатуы тиіс. Биыл олардан Ұлттық Банкке 70 тонна алтын келеді деп күтілуде. Егер жыл бойы алтынның бағасы унциясына 3 мың доллардан жоғары болса, онда Қазақстанның халықаралық жалпы резерві 56 миллиард долларға жете алады.
Бірақ алтын тым қымбаттап кетсе, Қазақстанда да, әлемде де инфляцияның шарықтау қаупі бар. Қазір елдегі экономистерді осы жағдай алаңдатып отыр.