Әскерге шақырылушылардың медициналық деректері цифрландырылды

17


Медициналық тексеруді цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді және процесті жеделдетеді. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұл бастама Астана қаласының әскери комитетінде сыналды. Қазіргі уақытта жүйе Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды облыстарында жұмыс істейді.

«Әскерге шақырылушы әскери комиссариатқа келіп, өзінің ЖСН-ін атайды, оны тіркейді, антропометриялық деректерді түсіреді. Медициналық көрсеткіштер бойынша оның барлық деректері ақпараттық жүйелерден біздің жүйеге «тартылады». Біз сол жерде онлайн режимінде флюорографияны, талдауды, ЭКГ-ні көре аламыз. Қажет болған жағдайда дәрігерлер қосымша медициналық тексеруге жібереді. Осылайша, 2024 жылы 15 мыңға жуық адамның деректері цифрландырылды, 2025 жылы көктемгі шақыру кезінде 5,5 мың адам осы Е-медициналық тексеруден өтті», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.


Оның айтуынша, жылына орта есеппен 10 мыңнан астам әскери қызметшіге әскери-медициналық мекемелерде цифрлық форматта қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына телемедицина технологияларын енгізу жоспарлануда, бұл жергілікті жерлерде тиісті медициналық мамандар болмаған кезде әскери қызметшілердің диагнозын анықтау үшін ЖИ пайдалануға мүмкіндік береді.