Munarmedia.kz. 31.10.2025 /Астана/ Бурабай ауданында заң бұзушылықтармен берілген жер телімдеріне қатысты тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы жағдайға байланысты жергілікті тұрғындар арасында «тәркіленген учаскелердің орнына казино салынады» деген әңгіме тараған еді. Алайда облыс билігі бұл ақпаратты ресми түрде теріске шығарды.
«Қазинформ» агенттігінің хабарлауынша, Бурабайдағы жерді қайтару мәселесі бұған дейін де бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген. Ақмола облысының прокуратурасы кейбір телімдердің заңсыз бөлінгенін анықтаған болатын.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, казино құрылысы жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол атап өткендей, ойын аймақтарына арналған учаскелер бұған дейін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіліп қойған, сондықтан жаңа нысандар салу туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ.
Әкімнің сөзінше, бірнеше жыл бұрын облыстық әкімдік пен мәслихат өз өкілетін асыра пайдаланып, ұлттық парктің жерлерін оның құрамынан шығарып, жергілікті органдардың қарамағына берген.
«Бұл мәселеге байланысты облыс прокурорының наразылығы болды. Мен, облыс әкімі ретінде, ол наразылықты қанағаттандырдым. Яғни, бұл жағдайда әкімдік заң бұзушы тарап болып шықты. Біз өз қателігімізді мойындадық, сондықтан прокурордың талабын орындадық», — деді Ахметжанов.
Қазір Бурабай ауданында жерлерді кешенді тексеру жүргізілуде. Тәркілеу тек заңсыз берілген немесе мақсатсыз пайдаланылып отырған телімдерге ғана қатысты.
«Жер тек сот шешімімен және Конституцияға сай тәртіппен алынады. Егер дау туындаса, оны сот шешеді. Ал егер учаске ұлттық парк құрылмай тұрған кезде, елді мекен аумағында берілген болса, ол мүлде қарастырылмайды. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», — деп баса айтты өңір басшысы.
Бүгінгі күнге дейін даулы деп танылған жер учаскелерінің саны – 1119. Егер меншік құқығы расталса, иелеріне тиісті құқық белгілейтін құжаттар берілмек.
Еске сала кетсек, бұған дейін FBRK редакциясы Бурабайдағы жер телімдерін жаппай тәркілеу науқанының егжей-тегжейін және оның құмар ойын бизнесіне арналған жаңа аумақтармен ықтимал байланысы туралы материал жариялаған болатын.