Munarmedia.kz 26.11.2025 / Астана Бұл туралы ақпарат блогер Абзал Достиярдың әлеуметтік желідегі жазбасында белгілі болды. Оның мәліметінше, полиция қызметкерлері журналисті үйінен алып кетіп, Ауэзов аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Қазірге дейін ресми органдар Кадырниязовтың не себепті ұсталғаны жөнінде түсініктеме бермеді. Журналист жақындарына қысқа ғана хабарласып, өзіне қатысты шағым түсуі мүмкін екенін айтқан. Абзал Достияр оны білімді, мәдениетті, философия ғылымдарының кандидаты ретінде сипаттап, ешкімнің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтуы неғайбыл екенін атап өтті.
Кадырниязовтың соңғы сұхбаты Қойшыбек Мүбаракпен өткен болатын. Әңгіме Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим және елге кірген қытай азаматтарының саны жөнінде өрбіген. Әлеуметтік желілерде осы сұхбат журналистің ұсталуына себеп болуы мүмкін деген пікірлер тарағанымен, бұл болжамды растайтын нақты дерек жоқ.
Журналист кәсіби қызметінен бөлек, Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсы көзқарасымен де танымал. Бұл контекст назар аудартады: жуырда АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділер тобының ісі сотта қаралған еді. Айыптаушы тарап бес жыл сұраса да, сот оларды төрт жылға дейін бостандығын шектеумен шектеді.
Соңғы уақыттары журналистер мен белсенділерге қатысты істердің жиілеп кеткені де қоғамда алаңдаушылық тудырып келеді. Осыған дейін біз жазған Лұқпан Ахмедьяровтың жағдайы соның бір көрінісі: ол бірнеше рет ұсталып, кейін босатылған, артынан оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталған.
Кадырниязовтың ұсталуына қатысты нақты себеп әлі белгісіз. Тергеу барысы ашылғанша, бұл оқиға қоғамда әртүрлі пікірлер мен сұрақтарды туындата берері анық. Журналистің кәсіби қызметі бұл жағдайға әсер етті ме, әлде басқа себеп бар ма — мұның жауабы ресми ақпараттан кейін айқындалмақ.
Қоғамдық талқыға жиі шығып, өз пікірін ашық айтып жүрген тұлғалардың мұндай жағдайға тап болуы ақпараттық ортаның, сөз еркіндігінің және азаматтық белсенділіктің қазіргі ахуалы туралы көп жайтты аңғартады.