Лондон, 2025 жылғы 28 сәуір (Munarmedia.kz ақпараттық агенттігі) — Украина өкілі, кәсіби боксшы Александр Усик пен Ұлыбританиялық спортшы Даниэль Дюбуа аса ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Жекпе-жек 2025 жылдың 19 шілдесінде Лондон қаласындағы әйгілі "Уэмбли" стадионында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, "жеңімпаз боксшы барлық әлемдік чемпиондық белбеулерді иемденетіндіктен, бұл жекпе-жек тарихи оқиға болмақ".
2024 жылы АҚШ-тың "The Ring" журналы Александр Усикті "Жылдың үздік боксшысы" деп таныған болатын. Сол жылы Усик британдық Тайсон Фьюриді екі мәрте жеңіп шықты.
Қазіргі таңда 38 жастағы Александр Усик кәсіби бокста өткізген барлық кездесуінде жеңіліс көрмеген. Ол Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC), Халықаралық бокс ұйымының (IBO), Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) және тағы да басқа беделді ұйымдардың чемпиондық белбеулерінің иегері болып табылады.
Ал 27 жастағы Даниэль Дюбуа 22 жеңіске (оның 21-і — нокаутпен) және 2 жеңіліске ие. Қазіргі уақытта ол Халықаралық бокс федерациясының (IBF) әлем чемпионы атағын иеленуде.
Александр Усик өзінің соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 22 желтоқсанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізді. Бұл кездесуде оның қарсыласы Тайсон Фьюри болды. Қайта кездесудің нәтижесінде Усик төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Даниэль Дюбуа өз кезегінде соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 22 қыркүйекте Лондон қаласында, өз отандасы Энтони Джошуаға қарсы өткізді. Дюбуа бесінші раундта қарсыласын ауыр соққымен жеңген болатын.