Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап номиналы 500 теңгелік жаңа дизайндағы банкнотаның айналымға енгізілетіні туралы хабарлады.
Аталған банкнота — «Сақ стилі» сериясындағы бесінші банкнота. Оның көркемдік тұжырымдамасы дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастауы саналатын «сақ стилі» элементтеріне негізделген. Бұл стиль еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын, көшпелі өркениеттің бірегей мәдениетінен бастап қазіргі заманғы Қазақстанға дейінгі сабақтастықты бейнелейді.
Сонымен қатар, жаңа банкноталар жаппай айналымға 2026 жылдың екінші тоқсанында ғана түседі. Бұл елдің барлық өңірлеріне жеткізуге, сондай-ақ банкоматтар, төлем терминалдары және өзге де кассалық жабдықтарды бейімдеуге қосымша уақыттың қажет болуымен байланысты.
Жаңа үлгідегі 500 теңгелік банкноталар 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енгізіліп, алдағы 24 ай ішінде 2017 жылғы үлгідегі осы номиналдағы ұлттық валюта банкноталарын кезең-кезеңімен алмастырады.
Осылайша, ескі және жаңа үлгідегі 500 теңгелік банкноталардың қатар айналымда жүру мерзімі 2025 жылғы 25 желтоқсаннан 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) белгіленген.