Munarmedia.kz 10.11.2025 /Астана/ Солтүстік Қазақстан облысында құны 3,3 млрд теңге болатын ерекше кәріз тазарту нысаны жеті жыл бойы пайдалануға берілмей келеді. Новоишим ауылының маңында салынған бұл жоба бастапқыда өңірдің экологиялық мәселелерін шешудің пилоттық үлгісі деп таныстырылған еді. Алайда нысанның 95 пайызға дайын болуына қарамастан, ол коммуналдық меншікке әлі өткізілмеген.
Тексеру нәтижесінде жобаның жобалау кезеңінен бастап мемлекеттік сатып алу мен қадағалауға дейін бірқатар жүйелі қателіктер кеткені анықталды.
ORDA.kz дерегінше, 2018 жылдың мамырында аудандық ТКШ бөлімі «Caspian Contractors Trust» компаниясымен 3,3 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан. Бір жыл ішінде компания кәріз жүйесін және жабық типтегі тазарту кешенін тұрғызып бітіруге тиіс болған.
Жобада ағын суларды көпсатылы тазарту — механикалық сүзгіден ультракүлгін залалсыздандыруға дейінгі жүйе қарастырылған. Барлық резервуарлар ғимарат ішінде орналасуы тиіс еді, бұл қыста суықтан қатып қалу мен иіс шығу мәселесін шешеді деп күтілген.
Алайда 2021 жылдан 2024 жылға дейін бірде-бір орындалған жұмыс актісі бекітілмеген. Соған қарамастан, тапсырыс беруші 18 қосымша келісім жасап, мерзімді 21 айдан 74 айға дейін ұзартқан.
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу, жобалау және бюджет қаражатын пайдалану бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Жоба техникалық-экономикалық негіздемесіз бекітілген, ал таңдалған технология 1,2–8 млн халқы бар қалаларға арналған болып шыққан. Ал Новоишим ауылында бар-жоғы 12 мыңға жуық тұрғын бар, оның жартысы жеке кәріз жүйесін пайдаланады.
Сондай-ақ тапсырыс беруші 164 млн теңге көлеміндегі банктік кепілдікті жоғалтып, сотқа мерзімінен бұрын талап қойғаны үшін істі ұтылып қалған. Сараптама актілердегі жұмыс көлемі мен нақты дайындық деңгейінің сәйкес келмейтінін көрсетті.
«Жоба бастапқыда тәулігіне 6 мың текше метр су тазалауға есептелген. 2020 жылы қуаты екі есеге — 3 мың текше метрге дейін қысқарғанымен, жоба құны өзгермеді. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде мердігер рұқсатсыз құрылыс жүргізген», — делінген комиссия қорытындысында.
Комиссия мүшесі Марат Ебжанов жобаның нәтижесі халықтың нақты сұранысына сай келмейтінін және бюджетке айтарлықтай шығын әкелгенін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Аманжолов мерзімнің бұзылуын пандемиямен және жобада қажетті жабдықтардың болмауымен түсіндірді:
«Нысан техникалық тұрғыда күрделі. Жобада кейбір жабдық түрлері қарастырылмаған. Сондықтан біз нысан бойынша сот сараптамасын жүргізіп, жобаны қайта түзетіп, жетіспейтін құрал-жабдық пен зертхананы енгізгіміз келеді», — деді ол.
Қазір аудан әкімдігі мердігермен соттасып жатыр. Талап — 153 млн теңге (қалған 5% жұмыс құны) көлеміндегі соманы қайтару және жобаны толықтыру міндетін орындау.
Алдын ала болжам бойынша, нысанды 2027 жылдан ерте емес пайдалануға беру мүмкін. Дегенмен, құрылысты аяқтау үшін қосымша қаржы қажет болуы ықтимал.
«Жылына тек электр қуатына 300 млн теңге кетеді. Оған жалақы мен басқа да шығындар қосылады. Егер мемлекет субсидияламаса, халық үшін тариф өте қымбат болады», — деп мәлімдеді Аманжолов.
Айта кетсек, жоба жүзеге асқан жеті жылдың ішінде аудан төрт әкім ауыстырған. Бірақ ешқайсысы аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нысанды аяқтай алған жоқ.
Дереккөз: ORDA.kz, @fund_anticorr