ЖІӨ өсіп жатыр, ал халық күн көрістен артылмай жүр: Қазақстан экономикасындағы парадокс

31

Munarmedia.kz / 09.10.2025 / Астана- Қазақстан соңғы жылдары экономикалық өсім бойынша рекордтар орнатып келеді. Бірақ бұл макроэкономикалық көрсеткіштер елдегі қарапайым халықтың тұрмыс деңгейіне қаншалықты әсер етіп жатыр? Осы сұрақ қоғамда жиі қойылады, бірақ нақты жауап әлі де бұлыңғыр.

2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа табыс 359 638 теңгені (шамамен $656) құрады. Орташа жалақы 448 620 теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға артық. Бірақ статистикада бір кілтипан бар: нақты табыс деңгейі инфляцияны ескергенде теріс динамика көрсетіп отыр.

Басқаша айтқанда, жалақы өсіп жатқанымен, ол халықтың нақты сатып алу қабілетін арттырмайды. Халықтың 98,7%-ы табысын тек тұтынуға жұмсайды – бұл жинақ жасау мүмкіндігін жоққа шығарады.

Бюроның деректеріне сүйенсек, азаматтар табысының 52,5%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл – Ұлттық даму жоспары белгілеген шектен (47,5%) айтарлықтай жоғары.

Жағдайдың шынайы көрінісін экономист Айдархан Кусаинов та атап өтті:

«Экономикалық өсім бар, бірақ әлеуметтік теңсіздік күшейіп келеді. ВВП көрсеткіші өскенімен, қарапайым азаматтың әмиянында бұл байқалмайды», – дейді ол.

Ең қорқыныштысы – кедейлік шегінен төмен өмір сүретін азаматтардың үлесі. 2014 жылы бұл көрсеткіш 2,6% болса, 2024 жылы 5%-ға жеткен. Бұл – халықтың белгілі бір бөлігі тек күнделікті қажеттілік пен жерлеуге ақша табу үшін ғана жұмыс істеп жүр дегенді білдіреді.


Қазақстан 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын қабылдаған. Онда ЖІӨ-ні $450 млрд-қа дейін өсіру, өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу сияқты мақсаттар қойылған. Бірақ бұл жоспар халықтың шынайы тұрмысын сипаттайтын нақты индикаторлардан кенже.

2025 жылы Агенттік жүргізген аудит барысында тұрмыс сапасын өлшеу әдістемесі ескі заңнамаларға сүйенетіні анықталған. Мысалы, 2016 жылы қабылданған бір бұйрық 2020 жылы күшін жойған құжаттарға сілтеме жасаған. Бұл – елдегі статистиканың өзекті емес екенін көрсетеді.

Елдегі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен еңбек өнімділігі үстірт қарағанда жақсы. Бірақ нақты өмірде адамдардың көбісі жинақ жасай алмайды, баспаналы болу арманға айналды, азық-түлік қымбат, тұтынушылық несиесі артып барады.

Бизнес пен инвесторлар үшін бұл – қос мағынасы бар сигнал. Бір жағынан, экономиканың макротұрақтылығы сенімді көрінеді. Екінші жағынан, ішкі нарық – яғни тұтынушылар сұранысы – әлсіз. Бұл кәсіпкерлер үшін де, үкімет үшін де қауіпті дисбаланс.


ЖІӨ – жалпы ішкі өнім. Ол елдің экономикасының ірі сандармен көрсетілген үлгісі. Бірақ бұл көрсеткіш:

  • қарапайым халықтың өмір сүру сапасын көрсетпейді;

  • табыстың тең бөлінгенін білдірмейді;

  • нақты инфляцияны есептемейді.

Сондықтан ЖІӨ өсті деген жаңалық жұртты қуанта алмай отыр. Себебі, адамдар күнделікті өмірде өсу емес, қымбатшылық пен тапшылықты сезінуде.

Қазақстан экономикасы қағаз жүзінде өсіп келеді. Бірақ өсімнің игілігі халықтың қолына тимесе, оның мәні не? Егер азамат өз еңбегімен тек азық-түлік пен несиені әрең жапса, бұл – экономикалық саясаттың басты парадоксы.

2029 жылға дейінгі стратегиялық жоспарлар бар. Бірақ олар нақты нәтижеге жеткізу үшін, ең алдымен қарапайым халықтың табысын көтеріп, өмір сапасын арттыруы тиіс. Әйтпесе, статистика мен шындықтың арасы алшақтай бермек.


Фото: Depositphotos