Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жеңіс Оспанов. Менің атам, жиырмасыншы ғасыр адамы

53

Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына -80 жыл!    

                                  Эссе

                       Ол ішпеген У бар ма? Ол көрген бейнет және көп. Дүние салды сексеннен асып, жиырмасыншы ғасырдың он бесінші жылы дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың аяғында өмірден өтті. Кәдімгідей тың еді, мықты еді. Арқаның аязы ұлып, үскірік соғып тұрғанда керзі етікті қолпылдатып, сықырлап жүре беретін-ді. Өйткені, өмір оны шынықтырған.

                 Қарулы еді. Алшаң басып еркін жүретін еді. Сол алмайып уақыттың аласапыран мезгілінде дүниеге келді.  Қыпшақ кордонында, Мезгілсор ауылы мен Аймақтың ортасындағы қалың орманның етегінде. Солай шығар. Нақты құжатдерегін көрмедім, білмедім...

             Бір жылдан соң патша тақтан құлады. Екі жүз елу жыл бойы Ресей империясын билеп тұрған Романовтардың билігі бітті, тілерсегінен қиылды.

                      Қазақ даласында бұрқ етіп дүмпу басталды. Ақ шықты,  қызылды қуды, Қызыл билікке келді, ақты қуды. Ақ таң керім болды. Біреуді-біреу танымайтын, ішінен қастық, қаскөйлік ойлағаның және білмейтін сұмдық, сұрқай уақыт келді, алатаңнан алашапқын, байғұс бұқара аң-таң, шошынған, жүрек басына үрей, қорқыныш кірген. Анда атыс, мында соғыс, мұқым Әлем мұңға батты, аспаны аласарып тұнжырап қалды.

                    Үйдің үлкені екен. Оспан атамның кісіге қылдай қиянаты жоқ, біртоға,  бөтен мінезі, «әйт-үйт!» дейтін айқайы жоқ бопты. Борықбайдан Сызан мен Оспан, Сызанның шын аты-Сыздық.

  Жарықтық Сызекең атам серілеу, сыпа бопты. Баймырза байдың жүйрігін ұстап мініп, қызды ауылдың шетінен сәнді киініп, ұрын баратын нағыз керімсерінің өзі болса керек-ті. Ел сүй-дейді. Ел айтса, халық айтса қата айтпайды. Жамандығы, қиянаты болмапты. Жәй серілік, жігітшілік қой. Ондай мінез кімде жоқ. Қымызды кім ішпейді, қызды ауылды кім аңдымайды!?

Осекең бабам, шаруабаққан, өзінің шаруасын күйіттеген біртоға жан дедім ғой, дәл солай болса керек-ті. Сәбет келіп, елдің ішін алақұйындатып жатқанда да былқ етпепті, ақтар келіп  ел ішіне зіркілді салып жатқанда да былқ етпепті. Екі қойым бір сом деп,  тіршілігін кешіп жүре беріпті. Қайтсын қай патша, қай бағлан келсе де, не жетістіріп, не оңдырар деген шығар?

Қыпшақ кордоны, Аюөлген жалпы картада жоқ, олай қарадым, былай шұқшидым. Шыңғыс бауырыма Оразалинге тапсырып едім, ол бауырым архивтен әсте қолы тимейді. Архив адамды қажытады, шаршатады.  Ара-тұра хабарласқанда әйтеуір менің қолым жетпей жүрген, көмбеде жатқан мағлұматтарды жіберіп, екеуміз етпісірім уақыт тілдесеміз, қалаға келсе тағы соғады, біраз шаруаны айтады, шәй ішеміз, аяқ босатамыз, қазақтың өткенін айтып, сырласамыз.

  Әлқиса, Кәріп атамды жұрт неге екендігін кім білсін-Қойшы деді. Тіпті әскерибилетінде «Қойшы» деп тұр.   Заманның бұлты аспаннан адамға жуық боп тұрғанда қайдағы білім, қайдағы ілім, қайдағы мектеп,қара танымаған, мектепке бармаған, шаруа баққан.

Отыз бірдің алапаты басталғанда он алты жастағы бала, түбіт мұрт. Ел қынадай қырылып жатыр. Көмусіз мәйіттер. Ұлыған қорқаулар. Құдайдың жаратқан төртаяқты қорқауынан да, екі аяқты қорқауының ұлығаны жер жарады, аспанды дірілдетеді. Кім білсін Осекеңнің кіндігінен атам мен бірге туған он алты перзенті бопты. Махамбет ақынның «Өтемістен он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» ,-дейтін атақты өлеңі бар ғой. Өтемістен он болса, менің атам он алты!  Аштықтың тырнағына бауырлары ілініпті. О құдірет, тіршіліктегі нағыз кер қиямет.                                                      *

Адамды кеспей-пішпей, бақыртып бауыздамай, қызылдар аштықпен ғана қырып салған. Бала-шағасымен қосып, тарихта бұны «Сталиндік геноцид» дейді. Солай қалды. Солай жазылды. Анау хохолдарды айтам, негізі мықты, олардың да тағдыры талауға, тәлекейге түсті. Бірақ «Сталиндік геноцид» жайлы сұмдық ақпараттар жазып, кітап қып шығарып, интернет бетіне лықсытып толтырып қойды. Тасқа басылғанды оқы, болмаса «интерненттен қара!» дегендей.Біз ше? Біз ол тарихты, ол қасіретті, ол сұмдықты әлі аша алмай, жаза алмай келе жатырмыз. Жалтақтық па, әлде «өткенге оралмайық» еске алмайық, қалсын солай деген қысқа тұжырым, аяқсыз ереже ме!?

      Мұны да алдағы уақытта жоғарыда отырған көкелер, елдің игі жақсылары көтерер, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза жиі айтып жүр ғой, өткенде алаш арыстары жайлы тарихи кітап шықты. Демек, ниет бар, ниет, пейіл бар жерде «атқарам деген шаруа бар,  оңынан болсын!

   Кәріп атам отыз бірдің аштығын көрді, отыз жетіде әйтеуір ешкімге зияны жоқ, одан аман қалды. Гитлер мен Сталиннің текетіресінде  бөріктілердің басына қиямет келгенде ер етігемен су ішкенде, көппен көрген ұлы жіліңгірге аттанды.  Бес жыл соғысты. Осы күні ойлап отырсам, арқам мұздайды, мұздайды емес, санам санға бөлініп, үрейленіп шошынам.   Орыс тілін білмейді.  Ал соғысып көр! Жат елдің жері үшін, жат елдің азаттығы үшін! Сенің Отаның емес. Бірақ отаның болмаса да, бодандығын басым, билік те,  әмір де, бұйрық та солардың қолында «демек шейіт болсаң Отан үшін өлдің!» деген тұжырымның құрбанысың.        Қолына қару алды, соғысты түйетабан табан танк айдады. Сүйтіп Берлинге дейін барып, әйтеуір от пен оқтан аман қалды. 

      Еуропаны елмен бірге,қаруластарымен бірге кіріп, астамшыл Гитлер армиясын жеңіп, елге қайтты.

                    Ел қайбір жетісіп отыр дейсің!? Соғыстан кейін, еңсесі езілген, жаны жүдеген, қауқарсыз қария, жесір әйел, жетім бала. Колхоз жұмысына кірісті.  Мал бақты, қой бақты. Сосын барып Қапыш (Қапиза әжеммен) шаңырақ көтерді. Үш ұл, бір қызға әке атанды.

                 Бұ қазақтың ой мешеулігі адамды таңырқатады, таң қалдырады. Былтыр жаз мезгілінде, облыс орталығына бардым.  М деген азамат хабарласты. Тамыркөже достығымыз бар. Екеуміз рестораннан шәй іштік. Ол виски алды өзіне, мұз қосып, офицант баптап алып келді «дәмін татсайшы...»,-дейді. 

-Жоқ мына ыстықта, оның үстіне кері қайтуым керек  дедім.

Қарама-қарсы үстелде аға буын сапында жүрген, бір кісі ас-ауқатым ішіп болып қасыма келді.

-Сен Жеңіссің бе?-дейді. Соншалықты танымал болмасам керекті, ананы –мынаны жазғаным болмаса...

-Иә,-дедім сәлем беріп.

-Сен осы кімнің баласысың?-деп сұрады әлгі кісі (ауылымды айтып).

Әкемді, атамды айттым.

-Еһе,-е Қойшының немересімін де, іһімм-м...

-Немересі болсам, не бопты дедім қарсы сұрақ қойып.

-А-ә... жәй өткенде менің қызметте жүрген немерем жайлы аямай сынап-мінеп жазыпсың, сайттарға, суретінді көрдім, дегенмен мықты жазасың, сосын сұрастырсам «Қойшының немересі» дейді.  Соны анықтап білейін дегем. Ым...м деп ыңыранды. 


               -Атам, бақшаңызға түсіп, алтын алмаңызды тістемеген шығар!? дедім даусымды қатайтып.

              -Жоқ, сенің әкеңнің нағашысы Темір ақсақал шежіреші болған, бәлкім со жақтан нәсіп байланған шығар деп, қызарақтады.

            -Немереңіздің аты кім? деп тағы сұрадым.

                      -Қой айналайын, естуімше сен шалбардан қыр, жағадан кір іздейді дейді ғой, жәй болды, әңгіме осымен тәмәм... Сау бол!-деді дауысы іріп.

                 М. мырс етіп күлді. Мынауыңыз қызық қой, әй-шәй жоқ кеп тиіскені, бұл кімнің атасы болды екен, сірә мына жақтағы біреулердің атасы ғой, немересі мұң шаққан, жылаған, айтқан. Қызық ә, жұмыстағы шаруаны апарып, атасына айтады,-деп күлді.

-Атам «алтын алмаңызды  тістемеген шығар?» деп сұрағаның қызық болды,-деп ресторанның ішін жаңғыртып күлді.

                Атам жиырмасыншы ғасырдың зобалаң, зардабын көріп, совхоздың артық дүниесін алып, ұрлық қылып, сүбесін ертерек майлауды білмеді. Соғыс ардагері болса да, үкіметтен көлік алған жоқ, үкіметтен үй алған жоқ, үкімет адамдарына шағым айтып, ешкімнің есігін қаққан жоқ, адам боп келді, адам боп өмірден өтті.

                                                *

                     Үлкен жиналысқа бара алмадым. Сол күні нағыз қарбалас болды. Кейде қысқа күнде қырық түрлі қыруар шаруа шығады. Жанталас «әбігер боламыз. Түс ауа сол жиналысқа қатысқан бір ағекем келді жұмысқа. Ананы –мынаны айтып біраз отырдық (бұл оқиғаға алты-жеті жыл болды).

-Айтпақшы Бәленшеге көше сұрап жүрміз, сол туралы жазсайшы,-деп қолқа салды.

-Ол кім болған?-дедім.

-Жиырмасыншы ғасырда соғысқа қатысқан, ашаршылықты көрген, тың жерді игеруге қатысқан деп сұңқылдап отыр. 

-Ол кісіге көше беруіміз керек пе сонымен, оның немерелері анда-мұнда бизнесте, билікте жүр, солай ғой? дедім.


-Иә,-е білесің ғой деп есімдерін айта бастады.

-Олардың аталарына көше берсе, ертеңіне менде барам, атамның атынан көше сұраймын. Менің атам да соғысқа қатысқан, тың жерді игеруге қатысып, трактор айдаған, мал баққан, қысқасы ол көрген заманды, замандасы ретінде ол да көрген! деп қабағымды түйдім.

-Атаң колхоз басқарды ма? дейді күмілжіп.

-Колхоз да, совхоз да басқарған жоқ. Адам боп келіп, пенделік атына кір түсірмей адам боп кетті, жұмысшы болды, ең ауыр бейнетті көрді, әлде еңбегі жоқ па, Гитлер армиясына сатылған жоқ, бес жыл соғысты, қан көрді, қан кешті, жан алып, жан беріскен соғыстың ардагері, осы еңбегі аз ба? дедім.


-Енді аналар айтқан соң, жазу керек деген соң, жәй келгенім ғой. 

-Жазсын, бірақ олардың «атасына көше берсе...» менде құр жатпаймын, менде атама –көше сұраймын, талабымды орындамаса, аяғым жетпеген жерге, сөзім жетеді, білесіз ғой дедім.


-Иә, білем.

-Білсеңіз солай жағдай деп қысқа қайырдым.

                  Бес жыл соғысты, өтеуіме деп миллион  алмады, пәтер сұрау қайда, ол арман, тіпті ол кезде пәтер туралы жақ ашылмайды, айтылмайды. Ә есімде  соғыстың аяқталғанына -50 жыл толуына орай ауданға барып «кездесуге қатысып,» осы кездесуде сағат, орден-медаль алған-ды, совхоздың ыдырап жатқан уақыты бір тай берген. Бес жылғы соғысқан еңбегінің жемісі һәм өтемақысы. Ащы тер, көрген бейнеттің жүзден бір бөлігінің өтемінің сиқы.

Бір ауданда істейтін әріптесім күліп отыр. Баяғыда ауданымыздағы жалғыз соғыс ардагері болды. Құдай-ау, балалары әкімдікке дікіңдегенде төбе шашыңыз тік тұрады. Бір күні тоғызыншы мамыр мерекесіне орай әлгі ардагердің келіні «атамның телеэкраны жоқ» депті. Әкім-қаралар телеэкран апарса, «мынауыңыз кішкентай, бұдан үлкені болады, соны әкеліңдер» деп тырқыратып кері қуыпты. Апарып беріп, құттықтап уһ депті.

Келесі жылы , атамның мұздатқыш (холоделнигі жоқ) деп үшбу сәлем жолдапты. Тағы да апарыпты. 

             -Мынандай емес, анандайы керек деп дүкенге апарып, көрсетіп соны сатып ап, апарып беріпті, қысқасы атасының арқасында келін отырып ап,керектісін алып жатқан, атасы марқұм дүние салды.    Құдай біледі, сол ардагерлер дүние боққа әсте қызықпайды, оларға қажеті де жоқ, келіні пысық та деп күліп отыр.

           Иә, олай міндетсіреген жоқ, міндетсіреуді және білмеді. Құдайдың бергені осы, көргенім, түйгенім осы деп дүниден өтті.  

Көлік алмады, алатын реті бар еді,

Пәтер сұрамады, сұрайтын реті бар еді.

Соғыс ардагерімін деп кеуде кермеді,

Адам боп дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың қияметін көріп, оты мен оғының ортасында жүріп, аман келгеніне шүкір деді. Құдайдың өмір сыйлағаның қанағат тұтты.

Неге екендігін кім білсін, бүгін таң ата түсіме кірді. Басында көк пүліш бөрік, көк плащ.

-Мен туралы жазбадың ғой,-дейді. Айналасы жап-жасыл, масаты жайлау қолына таяқ ұстап апты. Оянып кетсем түсім.

                    Түннің бір уағына дейін, кітап оқып, журнал, газет оқып, интернетке шолу жасап кештеу ұйықтаймын. Сергіп тұрдым таңертен, жұмысқа баруға асықтым.

Бүгін күн Жұма, бәлкім Атамның рухы дұға дәметті ме екен деп аят оқыдым.

Иллаһи Алла иман байлығын берсін атама,

Рухына Фатиқа!


Бурабайдың Жеңісі