Конкурс құжатында осындай қаржы көрсетілген. Зерттеудің мақсаты – бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстан халқының психикалық және физикалық денсаулығына қалай әсер еткенін бағалау және жағымсыз салдары анықталса, оны азайту бойынша ғылымға негізделген ұсыныс дайындау.

Зерттеу бойынша жаңа уақыт белдеуінің денсаулыққа әсері бар-жоғына қатысты нақты деректер көрсетілуге тиіс. Ғылыми басылымдарда, журналдарда мақала, шолу, ал шетелдік немесе Қазақстандағы баспадан монография немесе нұсқаулық шығуы қажет.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуінің халыққа әсерін зерттемек болып, оған үш жыл кетеді деп жоспарланған еді. Кейін биліктегі "Аманат" партиясы мұндай зерттеуді 2025 жылғы наурызға дейін аяқтауға үндеді.

Қарашада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "уақыт белдеуін зерттеуге түскен өтініште үш жылдық бюджетке 160 миллион теңге сұрады, бірақ іс жүзінде шамамен 90-100 миллион болады деп ойлаймын" деген еді.