Munarmedia.kz 27.09.2025 /Астана/ Қазақстанда тұтынушылық несиелендіру саласына қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа қаулы жобасын әзірледі. Құжат екінші деңгейлі банктер мен резидент емес банктердің филиалдары үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау қағидаларын жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Аталған жоба 2019 жылғы 12 қарашада Ұлттық банк басқармасы қабылдаған №188 қаулыға өзгерістер енгізуді көздейді. Қаулының басты мақсаты – тұтынушылық несие беру қарқынын шектеу және азаматтардың шамадан тыс борыш жүктемесін азайту.
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтіледі
Жобаға сәйкес, соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам мерзімге берешек өтелмеген қарыз алушылар үшін қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетілмек. Бұл шектеу қаржы ұйымдарының несие беруін қатаң бақылауға алуға және борышкер азаматтардың жаңа міндеттемелер жүктеу мүмкіндігін шектеуге бағытталған.
Агенттіктің түсіндіруінше, бұл шаралар азаматтардың қарызды қайтару қабілетін шынайы бағалауға, тәуекелді заемшыларды анықтауға және қайталама дефолт қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Бекітілетін қосымша шектеулер
Жоба аясында кепілсіз тұтынушылық несиелер беру бойынша қосымша шектеулер де қарастырылған. Ендігі жерде екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары төмендегі жағдайлар орын алған азаматтарға несие беруге тыйым салынады:
-
банктік несиелер бойынша 30 күннен аса кешіктірілген берешек немесе микронесиелер бойынша 1 күннен аса кешіктірілген қарыз болуы;
-
2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы үш жыл ішінде негізгі қарыз немесе сыйақы бойынша толық кешірілген берешектің болуы;
-
соңғы 12 айда берілген несиеге қатысты қайта құрылымдаудың нәтижесіз аяқталуы (яғни міндеттемелердің тиісінше орындалмауы).
Бұл шектеулер қаржылық тәртіпті нығайтуға, жауапсыз несиелендірудің алдын алуға және халықтың қарыз жүктемесін жүйелі түрде төмендетуге бағытталған.
Құжатпен танысуға болады
Жаңа талаптар мен шектеулер қамтылған толық жоба мәтінімен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында танысуға болады. Құжат қоғамдық талқылауға ұсынылған және азаматтар мен сарапшылардың пікірлері ескерілетін болады.
Фото: iStock