Түркістанда 100 миллион теңгелік тарихи ролик дауға қалды: тікелей келісімшартқа тексеру басталды

30

Munarmedia.kz 05.12.2025 /Астана/ Түркістан облысының мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» мекемесінің үш-бес минуттық тарихи видеороликке 100 миллион теңге төлеуге келісім жасауы қоғамда сұрақ туғызды. Роликте Қазақстан тарихының басты кезеңдері көрсетілуі тиіс болған.

Алайда мемлекеттік мекеменің жеке компания — G7 Exclusive-пен конкурссыз, тікелей келісімшарт жасасқаны көпшіліктің күдігін күшейтті. Желіде тараған ақпарат үлкен резонанс туғызып, билік өз назарын аударды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жағдайды арнайы бақылауға алып, келісімшарттың барлық қырын зерттеуді тапсырды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше:

«Әкім Көшеров келісімшарттың жасалу барысын, барлық рәсімдердің орындалуын және бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын жан-жақты тексеруді тапсырды».

Соңғы бес жылда өңір республикалық бюджеттен шамамен 5 трлн теңге алған.
Бұл сома кейбір мегаполистердің даму бюджетімен шамалас.

Қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар бұл келісімнің ашықтығына күмән келтірді.
Негізгі сұрақтар:

  • Жұмыстың нарықтық бағасы қандай?

  • Неге конкурс өткізілмеген?

  • Тапсырыстың мазмұны мен ауқымы 100 млн теңгеге сай ма?

  • Бюджет қаражаты тиімді жұмсалды ма?

Қазіргі тексеру осы сұрақтарға жауап беруі тиіс.


Бұл тақырыпқа байланысты қосымша мәліметтер шықса — жаңартып отырамыз.