Munarmedia.kz. 05.07.2025 /Астана/-Түркістан облысының Созақ ауданында уран өңдеуге арналған жаңа зауыт өз жұмысын бастады. «Оңтүстік Тортқұдық» кен орнында орналасқан өндіріс нысаны – қазақстандық-француздық серіктестік аясында жүзеге асқан ірі инвестициялық жоба.
Жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт кеткен. Жалпы инвестиция көлемі 74,7 млрд теңгеге жеткен. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты — 2000 тонна уран.
Жоба француздық «Катко» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылған. Бұл компания – әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі саналатын «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп жұмыс істейді.
«Оңтүстік Тортқұдық кен орнындағы уран өңдеу зауытының іске қосылуы — Қазақстан атом саласы үшін аса маңызды кезең. Бұл оқиға Қазатомөнеркәсіптің әлемдік уран нарығындағы көшбасшылық позициясын нығайта түседі», — деді ұлттық компанияның басшысы Мейіржан Юсупов салтанатты шара кезінде.
Қазатомөнеркәсіптің табысы төмендеді ме?
Айта кетейік, жуырда ғана жарияланған қаржылық есепке сәйкес, «Қазатомөнеркәсіптің» таза табысы бір жыл ішінде 19%-ға төмендеген. Мұндай көрсеткіштерге уран бағасының құбылуы мен халықаралық нарықтағы өзгерістер әсер еткен.
Соған қарамастан, жаңа зауыттың ашылуы компания үшін стратегиялық маңызы бар оқиға ретінде қарастырылып отыр. Ол тек өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы ықпалын күшейтеді, деп бағаланады.
Фото: «Қазатомөнеркәсіп»