Торнадо АҚШ-ты шарпыды: қаза тапқандар бар

316



Munarmedia.kz, Астана 2025 жыл -АҚШ-тың Кентукки штатында болған табиғи апат салдарынан кемінде 14 адам қаза тапты, тағы жеті адам Миссури штатында көз жұмды. Мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алды.

Сент-Луис билігі бұл жағдайды "тарихтағы ең жойқын дауылдардың бірі" деп атады. Торнадо үйлердің шатырларын ұшырып, ағаштарды тамырымен жұлып, электр желілеріне айтарлықтай зиян келтірген.

Алдын ала мәлімет бойынша, Сент-Луис қаласында шамамен бес мыңға жуық ғимарат зардап шеккен. Елдің онға жуық штатында 700 мыңға жуық үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды.

Қазіргі уақытта 500-ден астам құтқарушы іздестіру-құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. Зардап шеккендерді іздеу жалғасуда.

New York Times деректеріне сүйенсек, Кентукки штатындағы Лондон-Корбин әуежайы қатты зақымданған: ангарлар майысқан, бір ұшақ аударылып қалған, медициналық тікұшақ зақымдалған.

Айта кетейік, биылғы наурыз айында Миссури, Арканзас және Миссисипи штаттарында болған торнадо салдарынан шамамен 20 адам қаза тапқан еді.

• Видео мен фотолар: әлеуметтік желілерден.