Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды деп хабарлады Ақорда. Мұнда еліне әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Екі ел басшылары Бішкектегі «Ынтымақ» саябағында «Достықтың алтын көпірі» монументін ресми түрде ашатыны да хабарланған.

Тоқаевтың Қырғызстанға сапары қарсаңында Ош қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылып, қаладағы көшелердің біріне Абай Құнанбаев аты берілгені белгілі болды.

Қазақстан Бішкектің сауда-экономикалық серіктестері арасында Қытай мен Ресейден кейін үшінші орында тұр. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,6 млрд доллар болған. Екі ел арасындағы сауда қатынасының негізін азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, металл бұйымдары мен асыл кендер құрайды.

Екі ел ТМД, Еуразия экономика одағы (ЕАЭО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты ұйымдарға мүше.

Сарапшылар Қырғызстан мен Қазақстан арасында бұрыннан келе жатқан және барған сайын маңызды болып бара жатқан мәселелердің бірі қырғыз-қазақ шекарасы екенін айтады. Қырғыз-қазақ шекарасында шақырымға созылған жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі жиі кездеседі. 2017 жылы Қырғызстан шекарадағы кедергілерге байланысты Қазақстан үкіметін Еуразия экономикалық одағы сотына берген. Сот бұл істі қабылдамаған соң Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірген. Келтірілген шығын көлемі 75 миллион долларға бағаланды. Сот процесі екі жылға созылды. Алайда екі ел президенттері кездесіп, сөйлескеннен кейін қырғыз тарапы белгісіз себептермен соттан бас тартты. Тоқаевтың сапары аясында тараптар шекара мәселесін де талқылауы мүмкін.