Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шарада сөз сөйлеп, тарихқа әділетті көзқарас қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Біз жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алып, сол қаралы жылдары қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз. Өткен ғасырда Кеңес Одағы құрамындағы көптеген халық ауыр сынақтарға тап болды. Бұл біздің халқымызды да айналып өтпеді. Күштеп ұжымдастыру кезінде мал-мүлкінен айырылған адамдар аштықтан жаппай қырылып, кейбірі шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия ұлттық зиялы қауымды – қоғамның ең озық, білімді өкілдерін де шарпыды. Мыңдаған адам ‘халық жауы’ деп танылып, азапталып, сотсыз, тергеусіз атылды. Қысқа мерзім ішінде ұлтымыз Алаш қайраткерлерінен, оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды алыптарынан айырылды», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесіне кірген 11 лагерь болған. Соның бірі – АЛЖИР.
«АЛЖИР – қазақ халқының ұлт ретінде жапа шеккенін айғақтайтын қасіретті орын. Мұнда 8 мыңдай жазықсыз әйел жазасын өтеген. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров секілді көрнекті тұлғалардың жұбайлары да бар. АЛЖИР – тек қазақ халқының емес, сол зұлмат дәуірде жапа шеккен 60-тан астам этнос өкілдерінің ортақ қасіреті. Біз бұл тарихи оқиғалардан сабақ алып, мұндай трагедиялардың енді қайталанбауына күш салуымыз керек. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз», – деді ол.
Президенттің айтуынша, тарихтағы «ақтаңдақтарды» жою – өткен мен келешек алдындағы қасиетті борыш.
«Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бес жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Үш жыл ішінде сарапшылар мен ғалымдар мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарды зерттеп, 300 мыңнан астам адамның саяси себеппен қуғындалғаны анықталып, олар ақталды. 2,5 миллионнан астам құжаттың құпия грифі алынды. Комиссияның зерттеулерінің негізінде 72 томдық жинақ пен Алаш қайраткерлеріне қатысты 12 томдық архив материалдары жарық көрді. Президент мұрағаты жанынан арнайы орталық құрылып, оған бұрын құпия болған 700 мың іс тапсырылды. Мұндай кең ауқымды жұмыс Қазақстанда бұрын-соңды жүргізілген емес», – деді ол.
Президент халықты өткен тарихты біліп, оны саясиландырмауға шақырды.
«Өз тарихымызды білу – аксиома. Ұлттық тарихты терең түсінбей, қазіргі саяси процестер туралы объективті пікір айту мүмкін емес. Жазықсыз құрбан болған миллиондаған адамның рухын құрметтеу – қасиетті парыз. Бұл жерде тарихи интерпретацияға немесе тоталитарлық жүйенің адамгершілікке жат саясатын ақтауға жол жоқ. Сонымен қатар, тарихты субъективті және біржақты саясиландыруға, оны түрлі деструктивті мақсатта қолдануға болмайды. Ашаршылық пен репрессия – тек қазақ халқының емес, Кеңес Одағының көптеген халықтарының трагедиясы. Бірақ біз, қазақ халқы, мүмкін, ең көп зардап шеккен ұлтпыз», – деді Тоқаев.
Ол өткенге бой ұрып, құрбандар синдромына берілудің ұлт үшін әлсіздік екенін айтты.
«Бізге кең, панорамалық тарихи көзқарас қажет. Тек өткенге қарап өмір сүру – әлсіздік нышаны. Егемендікке жету жолында халқымыз көптеген сынақтардан өтті. Сондықтан ‘Тәуелсіздік бәрінен қымбат’ деген ұстаным қоғам санасында мызғымас әрі қасиетті ұғымға айналуы тиіс. Бүгінде еліміз ‘Әділетті Қазақстанды’ құру жолында ауқымды реформалар жүргізіп жатыр. Конституциялық реформа жасалды, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік қайта қаралды, азаматтардың басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері артты. Ең бастысы – халықтың сана-сезімі жаңарып жатыр. Енді елімізде жаңа саяси және сайлау мәдениеті қалыптасып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент жастарға үндеу жасады:
«Құрметті жастар, өз тарихыңды білу – міндет. Бірақ бұл тек өткенмен өмір сүру деген сөз емес. Алда – беймәлім болашақ. Сондықтан сіздерге заманға сай білімді, бәсекеге қабілетті, жауапты азамат болу жүктеледі. Абай айтқандай, ғылымға ұмтылып, ізденіс жолын таңдау қажет. Еліміздің тәуелсіздігін қастерлеп, оны қорғауға әрдайым дайын болу – әрбір жастың борышы. Сонда ғана мемлекетіміздің болашағы жарқын болады. Мен сіздердің жасампаз күштеріңізге сенемін. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен амандық болсын!», – деп түйіндеді Тоқаев.
Фото: Ақорда