Тоқаев: «Қазақстан экономикасының ЖІӨ бірінші рет 300 млрд доллардан асады»

31

Munarmedia.kz 06.12.2025 / Астана Елордада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының биылғы қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы жылы Қазақстан экономикасының өсуі 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл – соңғы он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар елдің жалпы ішкі өнімі тұңғыш рет 300 млрд долларлық межеден асатыны болжанып отыр.

Президент өз сөзінде өңдеу өнеркәсібі мен нақты сектордағы серпінді өзгерістерді де нақты деректермен келтірді:

  • Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн 25 пайыздан астамға артты;

  • Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 70 пайызға өсті;

  • Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға ұлғайды;

  • Бей­шикізаттық экспорт көлемі шамамен екі есеге көбейді;

  • Экспорттаушы кәсіпорындардың саны үш есе артты;

  • Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті.

Тоқаев бұл көрсеткіштер Қазақстанның кәсіпкерлік ортасының айтарлықтай нығайғанын, бәсекеге қабілетті бизнес ел дамуының басты тірегіне айналып келе жатқанын көрсетерін атап өтті.