Ақкөл ауданында еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келе жатқан
республикалық «Таза Қазақстан – таза өлкем» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Осы
жылдың мамыр айынан бастап тұтас ел көлемінде
бастау алған бұл кең ауқымды бастама тамызда Ақкөл өңірінде жалғасын тапты. Шараға «Байтақ» партиясының ақкөлдік өкілдері де
белсене атсалысты.
Акцияның басты мақсаты – елді мекендерді абаттандыру, өзен-көл жағалауларын, орман алқаптарын, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту арқылы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру және табиғатты аялауға үндеу болғанын атап өткен жөн. Бүгінде бұл шара халықты біріктіретін ізгі дәстүрге айналды.
Жиын барысында Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов қатысушыларға
арнаған құттықтау сөзінде мұндай бастамалардың қоршаған ортаны қорғаудағы,
жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Сағандық Абаханов та көпшілікке үн қатып, туған жердің тазалығы мен көркейту ісі – болашақ ұрпақ алдындағы зор жауапкершілік екенін жеткізді. Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дастан Ермеков өз сөзінде жастарды табиғатты қорғау жолындағы бастамаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетерлігі, шараға аудан тұрғындарымен қатар
«Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облыстық филиалының Ақкөл ауданындағы
белсенділері де барынша атсалысып, табиғатты аялау ісінде үлгі көрсетті. Олар «Жасыл
ел» идеясын насихаттап, экологиялық жауапкершіліктің әрбір азамат үшін ортақ
міндет екеніне көпшіліктің назарын аудартты.
Акция аясында мемлекеттік мекемелердің
қызметкерлері, кәсіпорын жұмысшылары, студенттер мен оқушылар мен ерікті
тұрғындар бірігіп, көшелерді, саябақтарды, орман белдеулерін, су айдындарының
жағалауын қоқыстан тазартты.
«Таза Қазақстан – таза өлкем» республикалық акциясы тағы да бір мәрте
табиғатты қорғау мен оны таза ұстау тек бірлескен еңбектің арқасында жүзеге
асатынын дәлелдеді. Бұл игілікті іс-шара жас ұрпаққа экологиялық тұрғыдан сауатты
өмір салтын дәріптеп қана қоймай, келешекке таза әрі жасыл өлке қалдыруға жол
ашпақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақкөл ауданы