Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Талғатұлы Омаровтың назарына!
Апта бұрын "Аладоп" ютуб арнасында Қазақстан ю-15 және ю-16 құрамалары жайлы сөз сөйлеп, бапкерлердің түгелі өзге ұлттан екенін атқам. Видеом кесіліп, әртүрлі пабликтерге тарап, тәуелсізбін деген БАҚ біраз таратқан болатын. Рахмет! Енді өзегімді өртеген мәселені мақалаға етіп жазып, жарияласам деп отырмын.
Ең алдымен, Қазақстан футбол федерациясының Техникалық директоры Геннадий Скуртул деген азаматқа қатысты сауалым бар. Неге ұлты молдовалық маман бұл қызметте отыр? Қазақ даласына Шәмшінің "Сыған серенадасын" тыңдау үшін келген бе? Скуртул мырзаның тағайындауымен Ерлен Бекмұхаев деген қазақ жаттықтырушысы ю-16 құрамасына бас бапкер болды. Ал Беларусь маманы Юрий Мархель аға бапкер ретінде қабылданды. Сонда бұл қалай – бапкерді Беларусьтен алдырамыз, техникалық дирекция басшысы секілді жауапты лауазымды Молдовалықтарға тапсыра береміз бе? Шынымды айтсам, күлкім келеді. Беларусь пен Молдовадан мамандар шақырсақ, жетіскен екенбіз... Ағылшын маманы Стюарт Холл мен Нидерланды азаматы Реймонд Аттэвельд оларға қарағанды тәлім бере алатын еді. Не дегенмен атақтары бар, жемісті жұмысымен танылған тұлғалар еді ғой?! Ал енді Беларусь пен Молдованның бетіне қарап отырамыз ба?
Бұл жердегі екінші сауалым - ҚФФ Президенті Марат Омаров, Сіз не істеп жатсыз? Барсыз ба жалпы өзі? Марат Талғатұлы, мен Ермұхамед Мәулен сізге жау емеспін. Бірақ, өзіңіз сәл логика қосып ойланыңызшы, Молдова мен Беларусь елінің футболы бізден қаншалықты озып кеткен? Солардан үлгі алатындай. Жоқ, әрине! Онда сол екі елден қандай мақсатта қызметкер алдыртып отырсыз? Аттай қалап алдырған екі маман қазақ футболын ұшпаққа шығарады деп ойлайсыз ба? Өткен жолы қазақ бапкерлері мүлде жұмысқа алынбады деп байбалам салып едім, Ерленді тартыпсыз. Бұл не сонда, баланы тәттімен алдағандағыдай түріңіз бе? Скуртулдан суыртпақтап сұрап алғаныңыз осы ма? Ал қақпашылар бапкері қызметіне Виталий Кувшинов алыныпты. Өзі 2-3 қазақ жігіті бар еді жұмыс істеп жүрген. Солар кетіп, орнына ығына жығылатын ыңғайлы өзге ұлт өкілдерін алып жатқанына не деп жауап бересіз, Марат Талғатұлы?
Биыл ҚФФ академиясына тағы да 23 бала іріктелініп алынды. Ал іріктеушілер кімдер десеңізші?! Владимир Никитенко, Евгений Свешников, Виктор Семенов, сондай-ақ QJ League сарапшылары Дмитрий Огай мен Евгений Яровенко және Игорь Шпанера. Неге дәл осы мамандар? Жеке өз басым бұлардың барлығына ортақ екі кісі көріп тұрмын. Ол - Давид Лория мен Руслан Балтиев! Сонда қазақ бапкерлері таланттарды тани алмайды, Свешников пен Семеновқа деңгейлері жетпейді деп тұрсыз ғой?!
Ел ішінде, футбол қоғамында ҚФФ президенті Сіз болғанымен, іс жүзінде барлығын Давид Лория мен Руслан Балтиев және оның сенімді адамы Геннадий Скуртул басқарады деген дақпырт жүргенін білетін шығарсыз?! Кейбір кадрлық өзгерістерге қарап, шынымен де солай ма деп қаласың... Егер мен қателессем, кешіріп қойыңыз. Ұлттық құрамалар департаментін басқарған Ғани Қайназаров пен Болат Адамбековтер кімге жақпады? Сол кісілердің кезінде құрамамыз қалай керемет ойнады? Бапкерлік пен балалар футболын жақсы меңгерген Болат Есмағамбетов, Асқар Қожабергенов, Нүркен Мәзбаев, Алмас Құлшынбаев, Айдар Күмісбеков, Данияр Мұқанов секілді қазақ бапкерлерінің ұлттық құрамаларда жұмыс істеуіне не кедергі? Жаңа буын керек десеңізде олардың ішінде өсіп келе жатқан қазақ бапкерлері бар еді ғой?
Сөйтсек, керісінше қазақтар жұмыстан кетіп, орнына өзге елден келгендер билік құрып жатыр екен. Бұл жағдайды жылдам арада реттеуіңізді сұраймыз. Тек бапкерлер емес, меннеджер, әкімші, медиа-қызметкер, аналитик, кит-меннеджерлердің барлығы өзге ұлт өкілдері. Қазақ футболы қазақ тілінде сөйлесін деп қыруар қызмет атқарып, ұлты қазақ, жаны қазақ адамдар жаны ашиды ғой деп оларға қолдау көрсетудің орнына Беларусь пен Молдовандарға жұмыс беруді доғарыңыз.
Құрметпен, қазақ футболының жанашыры Ермұхамед Мәулен
Сыған серенадасы" немесе футболдағы шовинизм
