Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Сұраған Рахметұлы. "Оһ, Құдайдың құдіреті!"

251


Есілбай һәм Қоншық

Жұнттай таза, орта бойлы жігіт ағасының жетпісінші жылдары жұлдызы жанған-ды. Бессаланың бесдарасының берен түлегі: ертедегі есімі Есілбай: елдің еркелеткені бойынша ерен қойшы Қоншық (1930-2000). Екі көзінен от шашқан «Есілбай» мен мұндағы біз білетін Қоншық атты қоңырқай ағаның туа тауыриһаты таңғайып қызықты да аянышты. Қобыздың сыңындай үнімен кімді болса сең кідірте алатын кішілігі мен кісілігі тұтас бір үлкен абыз, тәуменді тұлғалы ірі кісі. Сөзінің әлқиссасы – «Оһ, құдайдың құдыреті!». Әйтеуір жеті атасын толық білмеймін өз атасына шейін екі мәрте зобалаң көрген текті тұқымынан туған шексіз куәліксіз куәгер екені даусыз. Орта жасынан асқан кезде қолына құйған едік. Ортасынан оқшау көрінетін омырауы алан ашық қоңыр ауылдың әндігері, қой бақса да ой баққан шоғыр абыздардың бірегейі еді. Хош! 

«Оһ, құдайдың құдыреті!»

Арғы атасы қарақас Тасыбайдан тарайды. Бертінгі ғасырда өмір сүрген Жеңсікбай мен Мірсейіттің ұрпақтары түгелдей Өр Алтайда Қарадүргін, Балбағайда: бірсыпырасы Қобда бетінде Бессала, Жалғызағаштың шипалы Арасанын телі емген етек-жеңі тең жетілген ру осы Қоншықтың зеңгір бабалары. Арыдан кешу өтініп, беріден тартсақ: Жеңсікбайдан Үйірбай. Үйірбайдан атақты шешен Дүһәрхан (1912-1990) есімді нағыз аңыз абыз туған! Мірсейіттен төрт үзгін: Қостықбай, Толықбай, Қосылбай, Бұлғынбай.  Қостықбайдың ғазиз басы (1912) қанышер Жа ламаның қанжығасында кетті. Бұлғынбай абызды 1938 жылы қызыл жүйе тұтқындап көзін құрытты. Толықбайдан тоғыз «бөрі» есентүгел өрді. Тұңғышы тұнық діннің жаршысы, дала сенімінің шырақшысы Майтақ молда, ең сүт кенжесі Мәукетан шешен. Бұлғынбайұлы Қоншық 1930 жылы Өр Алтай өңірінде дүниеге келген деседі. Қоншықтың нағашы жағы жағалы жарқалы молқы-құл әулетінен. Шешесінің есімі Нұрғайша (Көкін) Әлімжанқызы. Бұлғынбай ауылы шамамен 1925-1930 жылдар мезетінде Қобда бетіне қарай қайталай қоныс аударған. Әкесі Бұлғынбай 1938 жылы нәубет құрбандығына шалынғанда Қоншық 9 жасар бала болған. Балалық шағы қайғйлы алапат қудалауға жолығып, түб меселін кетіріп, күпті кеселге тіреп, жастың жас дәуренін түгел жоғалтқан өспірімнің:  өткенін өкініш, өгейлеумен өтіп жатқан.

Құсбегі бозбала

1948 жылдан бастап қыран баптап құс салған аңкөс. Құс ұялаған құзар шың, ақ шаңқан Алтай тауларының қынарлы қыраттарына өрмелеп, ақиық қыранның ақүрпек балапандарын құндақтаған құзгер таугер болып ержеткен ұл. Бессала құсбегілердің құтты мекені. Мұндағы аспан перісін қақпанмен ұстайтын аяқбаушы бапкер тайлақтың тағылымды баһадүрі Көбікей Бәйтемірұлы, Дүзел Әлібақасұлы және қағушылыққа Қисық Сәбитұлы, шәкуден шыққан бүркітші Шәпеш Секейұлы (1926-2005), көбектен шыққан көрпелдесі Өсербай Шүйбайұлы қатарластар. Көк теңгірдің кез қанатты, жезтұяқты, кең тоятты жел қыран құстарды қайтарған салбуырында аңшылар саны көп еді. Қоян аулап, жемсауға қоя салып, шырға тартып, ырғақ құрып, шылбыр шыжымдаған, кез басты, кежегелі, кезбеқауырлы, ұлпа бауырлы, жауһар жарық жанарлы, сапы тегеуірінді, сақ құлқылы, сарыала тірнекті балдақты бауына алған Қоншық абыздың оң қолынан қонған аспан тағылары оның бар бағын айпарадай ашты да.

Осынау Есілбай (Қоншық) ұзына елу жылда түген рет түзден құс салып, тау қыранымен айнымас дос, құс тіліндегі кестелі кеңестердің керемет кені болса керек. 

Бозбала балуан

Бессала атанжілікті балуандардың мекені де болыпты жазиралы алқап, жарықтық! Мұратханұлы Тоқтарбай (1922-1988), Сүлейменұлы Әдей (1930-1988), Шабақұлы Нығмет (1930-1994), Мұқсенұлы Әбшүкір (1934-2011) қатарлы балуандармен белдескен Қоншықтың шапшаңдығы аңыз есебінде елдің есінде қалса керек. Оны растайтын екі септік бір ғана сөйлем: 1948 жылы «Булганбаянгийн Гончиг бөх» деген алқау – Ховда мұрағатынан табылды. Шағын шымыр денелі шапшаңды мен шалымдылығы ерекше, асаужамбасты Қоншық аға балуандығын аса бұлдамай  құсбегілін жайлап қана байыптап, байырғы мал соңында күнделікті еңбекке араласты.

Тоңғақты қозысы – тоқтыдай

1958 жылдан бастап топтасқан бірлестікке ілескен 28 жасар азамат 1978 жылға шейін қазынаның малын бақты. Малшаруашылығының маманынан да жоғары білікті абыздың қора-қопсысы бөлек бір мұражай сықылды ұқыптылықтың ұйығы сықылды. Қыстағы қыстауы тарлаулы Қарасудың қоңыр күнгейі, жайлауы Бессала-Үйірті. «Қоншықтың қорасы» деген биіктен аласа, аласадан биік көрінетін тасакешен қораның дәстүрлі ұстынын көріп таңғалғандар көп. Келапан құйырықты керіқызыл мыңғыр қойдың марқалары мынау көгілжімді дөң сіңірлі, көң сілбілі Көген тау, Китіңбүйір, Үшқұйған, Жұмаңқабағы, Мірсейіттің құр алаботалы жұртынан Мылжыңқораға дейінгі алқапта қаптап жатты.

Жалпылама жарысты науқан, жалаулы бесжылдықтар, жоспарлы қазына, малдың өнім-өсімі сықылды қыруар жұмысты жарғақ құлағы жастыққа тимей еңсерген ерен еңбеккер болды. 

Ауарайын болжайтын дәстерлі нысаналы ерекше қабілеті, малдың күйін айыра білетін мысаләуи әулиелігі өзалдына бөлек кеңес дейік. Ерен еңбекті қайда істесе де оның қабағат ырысы бар екен... Шүкір.  1984-1989 жылдарда екі мәрте елдік деңгейдегі күміс зерлі бозотауға еге саңылақ малшы. «Моңғолияның Еңбек сіңрген бірлестікшісі» (1990) «Еңбек қызыл ту» және «Алтын жұлдыз»-ды таққан санаулы абыздардың бірі осынау – Бессаланың бедерлі даласында өз белгісін ел санасына қондырған даланың тарланы – тоңғақты қозысы тоқтыдай, бағланы балғында жусаған бұла Бұлғынның тұма суына жуынған Бұлғынбайұлы Қоншық баһадүр еді...