СҚО-да шамамен 7 мың құс қырылды: Шаховское ауылында не болып жатыр?

38

Munarmedia.kz 29.11.2025 /Астана/ Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылында қараша айы басталғалы үй құстарының жаппай қырылуы тіркелді. Әсіресе қаздардың өлімі күрт көбейіп, жағдайға алаңдаған тұрғындар мен фермерлер себепке қатысты екіұдай пікірде. Бір тарап бұл — жоғары патогенді құс тұмауы (H5N1) десе, ветеринарлық қызмет өкілдері пастереллёз диагнозын алға тартады. Құстың жаппай қырылуынан келтірілген шығын қазірдің өзінде 10 миллион теңгеден асып отыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар жүгінген тәуелсіз зертханада құстардан H5N1 вирусы анықталған. Алайда ветеринарлық қызмет те, аудандық әкімдік те бұл қорытындымен келіспей, өз сараптамалары пастереллёзді көрсеткенін мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта Шаховское ауылында шектеу шаралары енгізілген, эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру үшін ветеринарлар дезинфекция жұмыстарын жүргізіп, қырылған құстарды залалсыздандыру мен жою шараларын қолға алған.

Ал оқиғаның нақты себептерін анықтап, түпкілікті шешім қабылдау үшін жергілікті жұртшылық пен фермерлік шаруашылықтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми түсініктемесін күтуде. Министрліктің қандай позиция ұстанатыны — алдағы күндердің еншісінде.