Қызылжарда такси жүргізушілері қаза тапқан әріптесіне байланысты жеті күндік аза жариялады

65



Munarmedia.kz 16.06.2025 /Астана/-Қызылжар  қаласындағы такси жүргізушілері қайтыс болған әріптесін еске алу мақсатында жеті күндік аза жариялады. Бұл туралы олар өз хабарламаларында мәлімдеді.

«Адам сенгісіз қатыгез әрі мағынасыз кісі өлтіруге байланысты қаламыздағы барлық жүргізушілер марқұмның жақындары мен туыстарына терең қайғырып көңіл айтады. Біз көлігіміздің айналары мен антенналарына қара лента байладық. Ал әріптесімізбен қоштасу күнінде бәріміз апатты жарығымызды қосып, желіге шығамыз», — делінген таксистер жолдаған мәлімдемеде.

Такси жүргізушілері агрегатор-компанияларға арнайы үндеу жасап, қосымшаларға дабыл батырмасын қайта енгізуді сұрады:

«Жүргізушілердің өмірі – жай ғана статистика емес. Күн сайын жолға шығатын азаматтардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауды өтінеміз», — деді олар.

Қайғылы оқиға өткен жексенбі күні Қызылжар  қаласында болған. Жолаушымен жанжалдан кейін 60 жастағы такси жүргізушісі ауыр жараланып, көп ұзамай қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескенімен, аман алып қала алмады.

Social_media_kz ресурсының мәліметінше, жүргізуші жолаушыларды Подгора ауданынан алған. Ер адамдардың мас күйде болғаны айтылады. Жанжал салонда шылым шегуге байланысты шыққан.

«Жолаушылардың бірі көлікте темекі тұтатқанда жүргізуші ескерту жасап, темекісін тартып алған. Бірақ әлгі адам тағы бір темекі шығарған. Салонда сол кезде дау-дамай басталуы мүмкін. Жеткен кезде ол жанжал төбелеске ұласты. Жолаушы жүргізушіні ұрып жіберіп, ол асфальтқа құлап түскен», — дейді такси жүргізушілері.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің ұсталғанын растады:

«Петропавлда полицейлер 60 жастағы такси жүргізушісіне ауыр дене жарақатын салды деген күдікпен азаматты ұстады. Жәбірленуші алған жарақатынан көз жұмды. Қазір оқиғаның мән-жайын және қылмыстың себептерін анықтауға бағытталған барлық тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.