Munarmedia.kz 17.09.2025/Астана/ Бұл қадам жүзеге асса, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау биылғы қараша айының соңына белгіленбек. Ал заң бойынша сайлау тек 2026 жылдың қарашасында өтуі тиіс еді.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы мұндай шешімнің орындылығын атап, оны сайлау күнтізбесін оңтайландырумен байланыстырса, сарапшылар бұл бастаманы саяси алаңды қайта құруға бағытталған қадам деп бағалап отыр.
«Ой Ордо» сараптамалық бастамалар орталығының директоры, қырғыз саясаттанушысы Игорь Шестаков «Ордаға» берген сұхбатында:
«Бұл бастама аяқ астынан туған жоқ. Қазір басталған үдеріс – билік құрылымын жаңа саяси шындықтарға бейімдеу әрекетінің жалғасы. Парламенттің өзін-өзі таратуы жайлы әңгімелер 2023 жылдың күзінен бастап Жогорку Кенештің дәлізінде де, сыртында да жиі көтерілген», – дейді.
Сарапшының пікірінше, 2021 жылы сайланған парламент бастапқыдан-ақ саяси тұрақсыздық жағдайында қалыптасты. Ал қазіргі қадам – биліктің жаңа саяси конфигурациясына сай заң шығарушы орган қалыптастыру талпынысы.
Экс-дипломат Казбек Бейсебаев та Қырғызстан демократияны кеңейту бағытына қарай қадам жасап келе жатқанын атап өтті.
Бұл үдеріс қырғыз қоғамындағы саяси теңгерімдерге айтарлықтай ықпал етіп, елдің ішкі тұрақтылығы мен болашақ билік жүйесінің сипатын айқындап бермек.