ҚҰРЫЛТАЙДАН КЕЙІНГІ ҮКІМЕТ: ХАЛЫҚ ӨЗГЕРІС КҮТЕДІ

76

Munarmedia.kz | 25.08.2026 | ASTANA Алда тағы бір саяси белес тұр. Құрылтай өз жұмысын бастағаннан кейін жаңа Үкімет жасақталуы тиіс. Жаңа Премьер-министр тағайындалып, министрлер кабинеті қайта құрылатыны анық.
Сайлау кезінде Президент журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Үкіметтің жұмысына жоғары баға берді және алдағы өзгерістердің негізінен ішінара болатынын айтты.
Бұл сөздің саяси мәні бар.
Демек, қоғам күткендей ауқымды кадрлық өзгеріс болмайды.
Негізгі команда сақталып, тек жекелеген министрлер ауысуы мүмкін.
Халық ауқымды өзгерісті күтсе, билік неге өзгерісті шектеулі деңгейде ғана қарастырады?
Қоғамда «бәрі дұрыс, тек орындаушыларды сәл ауыстырсақ жеткілікті» деген түсінік қалыптаспауы керек.
Егер белгілі бір министрлік жылдар бойы өз саласындағы мәселелерді шеше алмаса, оған тек жаңа міндет қойып қою жеткіліксіз. Жауапкершілік бәріне ортақ болуы тиіс.
Біз жаңа Конституцияны қабылдадық.
Құрылтайды жалған сайлаумен қалыптастырдық.
Енді оның артынан бұрынғы тәсілмен жұмыс істемейтін Үкіметті ғана қайта жасақтайтын болсақ халық бұл реформалардың тек имитация екенін біліп қояды.
Халықтың тағы бір күткені – мемлекеттік басқарудағы жауапкершіліктің күшеюі.
Құрылтай халықтың үнін жеткізетін институт бола алмайтыны белгілі.
Демек халық қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарға жүгінетін болады.
Ал Үкімет сол халықтың күнделікті мәселесін шешуге қауқарсыз екенін танытты.
Өз халқын, салық төлеушісін масыл санаған Үкіметтен не қайыр?
Егер біреуі тек қол көтеріп, екіншісі тек жоғарыдан келген тапсырманы орындаумен шектелсе, реформаның нәтижесі қандай болады?
Меніңше, жаңа Үкіметті жасақтау кезінде кем дегенде бірқатар министрлікке және бірқатар өңірлерге ерекше назар аудару қажет.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, мәдениет және ақпарат, әділет, көлік, экология және табиғи ресурстар, экономика және қаржы, цифрлық даму және аэроғарыш, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларында қоғамның көңілінен шықпай отырған мәселелер аз емес.
Өңірлерде де жағдай осындай. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарындағы басқару сапасына қатысты қоғам тарапынан сұрақтар бар.
Бұл жерде мәселе нақты бір адамның жеке басында емес. Мәселе – нәтижесінде.
Егер министрлік немесе әкімдік өзіне жүктелген міндетті орындай алмаса, оны ауыстыру – саяси тұрақсыздық емес. Керісінше, бұл мемлекеттік басқарудағы жауапкершіліктің қалыпты механизмі.
Ең бастысы – жаңа Үкімет халыққа «біз бұрынғы жұмысты жалғастырамыз» деген сигнал емес, «біз нақты нәтижеге жауап береміз» деген сигнал беруі керек.
Ал қоғамда тағы бір сұрақ бар: Президент айтқандай, Үкімет негізінен сақталатын болса, бұл нені білдіреді? Мемлекет қандай жаңа кезеңге дайындалып жатыр? Болашақ вице-президенттің кандидатурасы да осы саяси конфигурациямен байланысты болуы мүмкін бе?
Әзірге бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ. Сондықтан болжам жасаудан гөрі, жаңа Үкіметтің нақты құрамына және алғашқы шешімдеріне қараған дұрыс.
Бір нәрсе анық: Қазақстанға атауы ғана өзгерген емес, жұмыс тәсілі өзгерген Үкімет керек.
Құрылтай жаңарды. Енді Үкімет те халықтың өзгеріс туралы талабын сезінуі тиіс.
Өйткені халыққа есеп бермейтін, сынға құлақ аспайтын, нәтиже үшін жауапкершілік алмайтын мемлекеттік аппараттың ең үлкен реформасы – оның атауын өзгерту ғана болып қалуы мүмкін.