Munarmedia.kz 12.10.2025 /Ақмола облысы/-Бүгін Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында іссапарда болып, экологиялық апаттың ошағына айналған елді мекеннің шынайы жағдайына көз жеткіздік. Ауылдың іргесі бүгінде бейресми қоқыс полигонына айналып, жергілікті тұрғындардың өміріне нақты қауіп төндіріп отыр.
📌 Күніне 800 тонна қоқыс — Астанадан ауылға
Белсенділердің айтуынша, Қоянды маңындағы қоқыс сақтау алаңына елордадағы «Арқа тазалық» мекемесі ЛРТ мен «Байқоңыр» аудандарынан күніне шамамен 800 тонна қоқыс тасиды. Бұл дегеніміз — тәулігіне 80–120 жүк көлігі ауыл іргесіне келіп, тұрмыстық қалдықтарды төгеді деген сөз.
Ең сорақысы — бұл полигонның ресми мәртебесі жоқ, ал кіретін көліктерден төлем күзетшілердің жеке телефондарына аударым арқылы жиналады. Бір КамАЗ үшін төлем шамамен 12 000 теңге. Яғни, қарапайым есеппен алғанда, бұл «көлеңкелі қоқыс бизнесі» күн сайын 1 миллион теңгеден астам қаржы айналдырады.
👉 Мұндай заңсыз схема экологиялық, санитарлық және салық заңнамаларын өрескел бұзатыны сөзсіз.
Ауыл тұрғындары мен белсенділері мәселені бірнеше мәрте аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі органдарға — бас прокуратураға, экология министрлігіне, санитарлық қызметтерге жолдаған. Алайда нақты нәтиже жоқ.Бірнеше мәрте сот процесстері де өткен екен.
Кездесуге ауыл әкімі Бақытхан Солтанбайұлы қатысып аталған қоқыс алаңына туралы мәлімет берді. Оның айтуынша қазіргі таңда Қояндыда "Арқа жері" компаниясы алты гектар жерге қоқыс алаңын ашып, қоқыс өңдейтін зауыт салмақшы. Тұрғындар бұған қарсы. Бірнеше мәрте өткен қоғамдық тыңдауларда көптеген азаматтар қарсы болған. Енді шынтуайтына келсек, ауылға қоқыс өңдеу зауытын салғаны дұрыс. Бірақ ол зауыт ауылдан үш шақырымда емес, кем дегенде он-он бес шақырымда салынсын дейді. Себебі ертең жылына бар жоғы мың тонна өңдейтін қоқыс зауыты күніне келіп түсіп жатқан сегіз жүз тонна қоқысты өңдеуге қауқарсыз екен. Нәтижесінде бүкіл астана мен он алты ауылдың қоқысы тоғысқан Қоянды қоқыс алаңына мен аурудың ашық алаңынан айналады дейді. Ауыл әкімі Бақытхан мырза "Арқа жері" ЖШС барлық құжаттары түгел. Экологиялық сараптамалары бар. Жұмысты бастауға дайын. Алайда оның ауылдық округ іргесіне салынуына қарсы аудан әкімдігіне жыл басында хат жолдағанбыз дейді. Өкінішке орай, аудан әкімдігі тарапынан ешқандай нақты шешеім қабылданбаған. Кездесуге "Байтақ" партиясының Ақмола обылстық филиалының төрағасы Баяжума Асылбек, Республикалық «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Ақмола облысы бойынша меншікті тілші, облыстық филиалдың саяси кеңес мүшесі Дахан Шөгшірұлы, ауыл белсенділері және ауылдың бас биі қатысты.
Жиналған жұрттың ортақ пікірі — мәселе жүйелі сипатқа ие, ал жергілікті билік пен уәкілетті органдар шара қолдануға асығар емес. Ауыл тұрғындарының айтуынша Қояндыдағы жағдайды жергілікті билік облыс басшыларына жеткізбей отыр дейді. Олар бұл кішкентай ғана қоқыс алаңы. Оған несіне шулайды деген пікірде. Егерде келіп Қояндының шынайы ахуалын білсе пікірлері өзгерер еді деседі. Аудан әкім Дарын мырза қоқыс алаңына баруға бас тартқан көрінеді.
Қазақстанның экологиялық кодексіне сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау және көму қатаң санитарлық және экологиялық талаптарға сай болуы тиіс. Полигондардың орналасуы, жел бағыты, фильтрациялық жүйелер мен ластану деңгейі нақты нормалармен реттеледі.
Алайда Қояндыдағы жағдай бұл талаптардың бірде-біріне сай келмейді. Сасық иіс, жер асты суларының ластану қаупі, жазғы уақытта ауру тарататын жәндіктердің көбеюі — ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған басты факторлар.
Дамыған елдерде, мысалы Германияда немесе Нидерландта, тұрмыстық қалдықтардың 90%-ға жуығы сұрыпталады және қайта өңдеуге жіберіледі. Полигондарда бейнебақылау, автоматтандырылған төлем жүйесі, газ бен сүзгі технологиялары орнатылған. Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, кейбір аймақтарда ХХІ ғасырда да қоқыс ашық далаға төгіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі стихиялық қоқыс полигондарын заңдастыру және экологиялық бақылауды күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Алайда Қояндыдағы көрініс — орталық тапсырмалардың өңірде орындалмай отырғанының нақты дәлелі.
Jenis Qasymbek мырза, бұл сұрақ сізге де тікелей қатысты. Астана мен маңындағы елді мекендердің қоқыс инфрақұрылымын реттеу — жергілікті және өңірлік биліктің ортақ жауапкершілігі. Неге астананың қоқысы Ақмоланың аумағына төгіліп, халқы зардап шегуі керек? Осы сұраққа ресми жауап күтеміз. Экология министрлігі бұл жағдайдан хабардар болса да жұмған аузын ашпаудың мәнісі неде? Сұрақ көп жауап жоқ. Барлық жауапкершілікті ауылдың әкіміне итеріп тастап, үнісіз отырған Целиноград ауданының әкімдігі, Экология министрлігі мен басқа да құзырлы органдар қашан шынайы жұмыс жасайдыү Қашан халыққа пайдалы жұмыс жасайды. Президент тапсырмасы қашан орындалады? Астананың іргесіне күнделікті төгіліп, құммен көміліп, жер астына уақытша жасырылып жатқан қоқыс ертең халықтың денсаулығына зиян келтірмей ме? Бұған денсаулық сақтау министрлігі кепілдік бере ала ма?
Біз жиі «елдің басты байлығы — адам» дейміз. Бірақ адамдардың денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отырған заңсыз қоқыс алаңына көз жұму — бұл сөздің мәнін жоққа шығару. Экологиялық нормаларды елемеу тек аурулар мен ластануға емес, қоғамдық сенімнің жоғалуына да әкеледі.
Қояндыдағы жағдай — экология саласындағы жүйелі сәтсіздіктердің айқын көрінісі. Егер бұл мәселе шұғыл әрі жүйелі түрде шешілмесе, ертең мұндай полигондар тек ауылдардың ғана емес, елдің экологиялық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.