Қазақстаннан шетелге ақша аудару бір жылда 14 млрд теңгеге қысқарды

7

Munarmedia.kz | 01.09.2026 | ASTANA – Қазақстан азаматтарының шетелге ақша аударымдары бір жыл ішінде 20 пайызға төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банктің деректерінде көрсетілген.

2026 жылғы шілдеде қазақстандықтар шетелге 56,4 млрд теңге аударған. Ал шетелден Қазақстанға түскен ақша көлемі 15,9 млрд теңге болды. Осылайша, сыртқа аударылған және елге түскен қаражат арасындағы айырмашылық 40,5 млрд теңгені құрады.

Салыстыру үшін, 2025 жылғы шілдеде шетелге 70,4 млрд теңге аударылған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 20 пайызға немесе 14,1 млрд теңгеге азайған.

Сонымен қатар Қазақстанға шетелден келіп түскен ақша аударымдарының көлемі де төмендеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 21,3 млрд теңге болса, биыл шілдеде 15,9 млрд теңгеге дейін азайған. Төмендеу – 25,1 пайыз.

Ақша аударымдарының географиясында да өзгеріс байқалады. Бұған дейін Қазақстаннан ең көп аударым Ресейге бағытталса, қазір бұл көрсеткіш бойынша АҚШ бірінші орынға шыққан.

Есепті кезеңде ақша аударымдары бойынша жасалған операциялар саны да 9,6 пайызға қысқарды. Операциялар саны 2025 жылғы шілдедегі 139,6 мыңнан биылғы шілдеде 126,2 мыңға дейін төмендеген.

#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #ҰлттықБанк #АқшаАударымы #Қаржы #Экономика #АҚШ #Ресей #ҚазақстанЭкономикасы