Қазақстандықтардың 60%-дан астамы НДС өсімінен кейін өмір сүру деңгейі төмендейді деп қауіптенеді – DEMOSCOPE

28

Munarmedia.kz | 25.12.2025 | Астана Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін салық реформасы қоғамда айтарлықтай алаңдаушылық тудырып отыр. Мұны 4–13 қараша аралығында DEMOSCOPE экспресс-мониторинг бюросы жүргізген «Қазақстандағы салық реформасын қабылдау» тақырыбындағы сауалнама нәтижелері көрсетті.

Жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға арттыру қарастырылған. Үкімет бұл шешімді экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік шығындарды өтеу үшін бюджеттің түсімдерін көбейту қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі бұл уәжді қолдай бермейді.

Зерттеуге сәйкес, респонденттердің 61,4%-ы ҚҚС өсімі өмір сүру деңгейіне кері әсер етеді деп санайды. Оның ішінде:
32,4% – жағдай айтарлықтай нашарлайды дейді;
29% – нашарлау болатынын, бірақ оның әсері аз болатынын айтады.

Ал 20,6% азамат өзгерістер өмір салтына ықпал етпейді деп санаса, 9%-ы керісінше ҚҚС өсімі белгілі бір деңгейде өмір сапасын жақсартуы мүмкін деп есептейді.

Қатысушылардың басым бөлігі ҚҚС ұлғаюы мына салдарға әкеледі деп болжайды:
• тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы – 65,5%;
• шағын және орта бизнестің қысқаруы – 27,3%;
• жұмыссыздықтың өсуі – 26,5%;
• көлеңкелі экономиканың күшеюі – 19,6%.

Сонымен қатар, респонденттердің бір бөлігі оң өзгерістер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды:
• бюджет кірістері артады – 18,2%;
• халықтың өмір сүру деңгейі көтеріледі – 9,4%;
• өзгеріс болмайды – 12,6%.

Сауалнама нәтижесі салық жүйесіне сенім деңгейінің де төмен екенін көрсетеді. Қатысушылардың 55%-ы қосымша түсетін қаражаттың тиімді жұмсалатынына сенбейді. Ал 32,5%-ы керісінше мемлекетке сенім білдірген.

Респонденттердің пікірінше, ҚҚС өсімінен ең көп пайда табатындар:
• мемлекет – 63,8%;
• ауқатты топтар – 27,9%.

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 70,5%-ы алдағы өзгерістерге теріс көзқараста. Бұл көрсеткіш бизнес қауымдастығында салық реформасының салдарына қатысты айтарлықтай алаң бар екенін айғақтайды.

DEMOSCOPE қорытындысына сәйкес, қоғамның едәуір бөлігі салық реформасына скептикалық көзқарас танытып, оның ең алдымен ел экономикасының стратегиялық бөлігі саналатын шағын және орта бизнеске қысым көрсетуі мүмкін екенін атап өткен.