Қазақстандықтарды цифрлық активтерден түскен табысқа салынатын жеке табыс салығынан уақытша босату ұсынылды

61

Munarmedia.kz 14.07.2026. ASTANA – Қазақстанда цифрлық активтермен жасалған операциялардан алынатын табысқа салынатын жеке табыс салығын (ЖТС) уақытша алып тастау жоспарланып отыр. Тиісті норма Салық кодексіне енгізілетін түзетулер пакетіне енгізілген.

Ұсынылып отырған өзгеріске сәйкес, азаматтарды цифрлық активтерден түскен табысқа салынатын жеке табыс салығын төлеуден 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін уақытша босату көзделген.

Салық заңнамасына енгізілетін жаңа түзетулер пакеті цифрлық экономика мен кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған бірқатар бастаманы қамтиды.

Атап айтқанда, құжатта тауарларды таңбалауға жұмсалған шығындарға қосымша салықтық шегерім енгізу, мүгедектігі бар азаматтарға арналған жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктерді кеңейту, жекелеген табыс түрлерін әлеуметтік салықтан босату нормасын қайта енгізу, факторинг пен форфейтинг қызметтерін қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС тәртібін жетілдіру, сондай-ақ жеміс-жидек шараптарына акциз белгілеу қарастырылған.

Жалпы алғанда, түзетулер пакетіне жобалық кеңсе жұмысы барысында қабылданған 20 бастама енгізілген. Күтіліп отырған өзгерістер салық жүйесін жетілдіруге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және экономиканың жаңа секторларын дамытуға бағытталған.

#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #СалықКодексі #ЖТС #ЦифрлықАктивтер #Экономика #ҚҚС #Салық