Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/ Қазақстандағы қуаты жағынан екінші ірі су электр станциясы — Бұқтырма ГЭС-і жекеге өтіп кеткен сияқты. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» компаниясының қаржылық есептері мен KASE сайтындағы ресми ақпараттан белгілі болды.
26 қыркүйектен бастап «Самұрық-Энерго» АҚ «Бұқтырма Гидроэлектр станциясы» АҚ-ның 96,32% акциясына иелік етпейтіні белгілі болды. Бұл ақпарат 30 қыркүйекте жарияланған құжатта расталды. Жаңартылған активтер тізімінен Бұқтырма ГЭС-і мүлдем түсіп қалған.
Ең таңғаларлығы — акциялардың кімге сатылғаны құжатта мүлдем көрсетілмеген. Orda.kz редакциясы «Самұрық-Энерго» компаниясына ресми сауал жолдап, мәміленің егжей-тегжейін анықтауға тырысып жатыр.
Бұқтырма ГЭС-і 1996 жылы құрылған және бұрынғы «Алтайэнерго» кәсіпорнының құқықтық мұрагері болып саналады. Станцияның мемлекеттік акциялар пакеті 2008 жылдан бері «Самұрық-Энерго» қарамағында болған.
Бүгінде ең ықтимал сатып алушы — «Казцинк» компаниясы. Айта кетейік, Бұқтырма ГЭС-і 1997 жылдан бері осы кәсіпорынға концессия арқылы жалға берілген, ал қазіргі келісімшарт 2028 жылға дейін жарамды. 2025 жылдың ақпанында «Самұрық-Энерго» мен «Казцинк» арасында станция мүлкін ұзақ мерзімге жалға беру бойынша ірі мәміле мақұлданған болатын.
Бұқтырма ГЭС-і – Қазақстандағы стратегиялық нысандардың бірі. Оның жобалық қуаты — 675 МВт. Сонымен қатар, бұл станция елдегі ең ірі су қоймасын – Бұқтырма су қоймасын қалыптастырады.