Munarmedia.kz 12.10.2025 /Астана/ Соңғы екі айда елдегі жанармай құю бекеттерінде бензин мен дизель отынының бағасы біртіндеп тұрақты түрде өсіп келеді. Сарапшылардың болжамынша, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасып, жанармай құны бұдан да қымбаттауы мүмкін.
Көптеген қазақстандық жүргізушілердің күнделікті әдетіне енді тек ұлттық валютаның доллар, еуро және юаньға шаққандағы бағамын қадағалау ғана емес, сонымен қатар түрлі АЗС желілеріндегі бензин мен дизельдің нақты бағасын онлайн қарау да кірді. Бұл — екі себептен өзекті: біріншіден, жанармайдың бар-жоғын білу үшін, екіншіден, бағаларды нақты салыстыру мақсатында.
Нарық еркіндігі мен акциздер әсері
ҚР Энергетика министрлігі бағаның өсуін 2025 жылдың ақпанында күшіне енген жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартумен байланыстырады. Бұл шара, жанармайды елден шығаруға тыйым салумен бірге, нарықты тұрақтандыруға және ішкі қорларды арттыруға мүмкіндік берген.
Мәселен, жаздың басында АИ-92 бензинінің қоры 70%-ға, ал дизель отынының қоры 78%-ға өсті. Қыркүйектің соңғы деректеріне сәйкес, нарықтағы жағдай «тұрақты» деп сипатталады. Дегенмен, бұрын «ҚазТрансГаз» компаниясында вице-президент болған экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, баға шарықтауы мұнымен тоқтамайды.
«Бағаны реттеуден бас тартумен қатар, акциздер енгізілді. Сонымен бірге көршілес елдермен бағаны теңестіру мақсаты қойылған — ол жақта бензин мен дизель біздікінен шамамен екі есе қымбат. Бірақ басты қате — шикі мұнай нарығының либерализациясы болмады. Ішкі нарық әлемдік бағамен байланысты емес. Мұнай өндірушілер ішкі нарыққа арзандатылған бағамен шикізат беруге мәжбүр, бұл олардың мүддесіне қайшы. Нәтижесінде өндірушілер мен өңдеушілер арасында әр теңге үшін сауда жүреді, ал айналада контрабанда дамып отыр», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан Ресейдің салық маневрінен үлгі алса, нарықты қайта пішіндеу мүмкін болар еді. Ресейде экспорттық баж салығы төмендеп, ішкі нарыққа салық салу артып, нәтижесінде компаниялар үшін ішкі және сыртқы нарықта айырмашылық қалмаған. Бұл Кремльге достас елдерге, соның ішінде Қазақстанға, жанармайды бажсыз экспорттауға мүмкіндік беріп отыр.
Украинадағы соғыс және ресейлік тәуелділік факторы
Мұнай-газ саласының сарапшысы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорының Қоғамдық кеңесі мүшесі Олжас Байділдинов бағаның өсуіне тағы бір себепті атап өтті — ресейлік мұнай өнімдерінің импортына тәуелділік.
Оның айтуынша, қазақстандық өндірушілер ішкі нарыққа мұнайды барреліне 20–25 доллардан өткізуге мәжбүр. Бұл әлемдік бағадан 2–3 есе төмен және өндіріс шығынын жаппайды. Сонымен бірге теңгенің әлсіреуі де бағаның өсуіне ықпал етеді, себебі мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу шығындары доллармен есептеледі.
Сарапшы Украина тарапынан Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалып жатқан дрон-шабуылдар да жанармай нарығына әсер ете бастағанын айтты. Қазір Ресейдің 20 аймағында жанармаймен жабдықтау қиындықтары байқалуда, теміржолмен тасымал көлемі 10%-ға азайған.
«Ресейдің артық жанармай көлемі азайса, Қазақстан бұл тапшылықты өз есебінен өтеуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде бағаның өсуіне итермелейді», — дейді Байділдинов.
Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісім бойынша, Ресей жыл сайын Қазақстанға 1,5 млн тонна жанармайды бажсыз жеткізеді. Бұл – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. 2023 жылы үш ірі мұнай өңдеу зауыты қатар істен шыққанда да елді жанармаймен дәл осы ресейлік жеткізілімдер құтқарған.
Баға арзан, бірақ өмір сүру қымбат
Қоғамда жиі қойылатын сұрақ — неге көршілерге қарағанда бензин мен дизель арзанырақ болса да, Қазақстандағы негізгі тауарлар мен қызметтердің бағасы жоғары?
Мәселен, АИ-92 бензинінің орташа бағасы:
-
Әзірбайжанда – 360 ₸,
-
Ресейде – 400 ₸,
-
Қырғызстанда – 440 ₸,
-
Өзбекстанда – 550 ₸,
-
Арменияда – 730 ₸.
Ал Қазақстанда бензин арзан болғанымен, азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің бағасы көрші елдерден жиі қымбат. Энергетика министрлігі мұны түсіндіруге асықпай отыр.