Munarmedia.kz 30.09.2025 /Астана/ ҚР Қаржы мониторингі агенттігі (АФМ) «RAKS exchange» атты заңсыз криптоалмастырғышқа қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлады. Агенттіктің дерегінше, бұл сервис ТМД кеңістігіндегі ең ауқымды көлеңкелі құрылымдардың бірі болып, интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен қаражатты заңдастыруға «кәсіби қызмет көрсеткен».
АФМ мәліметінше, аталған платформа көлеңкелі ортада үлкен сенімге ие болып, 5 миллионнан астам аудиториясы бар 20-ға жуық ірі даркнет-маркетпен тікелей жұмыс істеген. Тергеу нәтижесі көрсеткендей, үш жыл ішінде сервис Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова елдеріндегі есірткі сататын 200-ден аса онлайн-дүкеннің қаражатын заңдастыруға қатысқан. Жалпы айналым көлемі 224 миллион АҚШ долларынан асқан.
Тергеу барысында 4 мыңнан астам криптоәмиян талданып, заңсыз кірістер жиналатын ортақ мекенжайлар анықталды. Соның нәтижесінде 67 әмиян бұғатталып, USDT стейблкойнында 9,7 миллион доллар көлеміндегі қаражат тоқтатылды.
«RAKS exchange» қызметі толық тоқтатылды. Агенттік мәліметінше, сервистің әлеуметтік желілердегі аккаунттары жойылып, техникалық қолдау қызметі жұмысын доғарған. Ал даркнет-форумдарда есірткі саудагерлері қаражаттарын қайтара алмай қалғанына жаппай шағымдануда.
Қазіргі уақытта ұйымдастырушыларды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. АФМ қаржы қылмыстары мен криптоактивтер арқылы жасалатын ақшаны жылыстату схемаларын бұдан әрі де қатаң түрде тоқтататынын мәлімдеді.