Қазақстан сыртқы қарызы бойынша тарихи рекордқа жетті

57

Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 170,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, ел тарихындағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.

Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға артқан. Оның 3,4 миллиарды төлем балансының операцияларына байланысты болса, қалған 2,3 миллиарды валюта бағамдарының өзгеруі мен нарықтық құн және басқа да факторлардың әсерінен ұлғайған.

«Сыртқы қарыз құрылымында бастапқы өтеу мерзімі бойынша 87,1 пайызы ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) міндеттемелерге тиесілі. Бұл, бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін төмендетсе, екінші жағынан, борышты өтеу мен қызмет көрсетуге нарықтағы жалпы жағдайлардың ықпалын арттырады», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Қазақстанның сыртқы қарызының негізгі бөлігін – 71,9 пайызын резидент еместерден алынған қарыздар мен несиелер құрайды. Ал 9,3 пайызы шетелдіктердің иелігіндегі борыштық бағалы қағаздарға тиесілі.

Сарапшылар қазіргі сыртқы қарыз көлемін еліміздің қаржылық тарихындағы ең жоғары деңгей деп бағалап отыр.