Қазақстан-Қытай шекарасындағы комедия: малшылар шекараны «жылжытпақ» болды

125

Munarmedia.kz 22.08.2025 /Астана/-Қазақстан мен Қытай шекарасында тосын әрі күлкілі жағдай тіркелді. Синьцзяндағы шекаралық бекетте қытай әскери қызметкерлері мемлекеттік шекара бағандарының бірнеше метрге Қазақстан аумағына қарай жылжытылғанын байқаған. Түнгі бақылаудан кейін мұның артында қазақстандық малшылар тұрғаны белгілі болды.

«Енді біз Қытайдамыз!»
Көрініс кинофильмге бергісіз:

  • малшылар түн ішінде шекара бағандарын сүйреп әкеткен;

  • таңертең қытай шекарашыларына келіп: «Біз енді Қытайдамыз, азаматтық беріңдер!» – деп талап қойған.

Алайда қытай тарапынан бірден түсініктеме берілді: азаматтық шекара белгілерін жылжыту арқылы берілмейді, ал мұндай әрекет халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналады.

Кейін белгілі болғандай, мұндай «шекаралық авантюраға» аймақтағы әңгімелер себеп болған. Ауыл арасында Қытайда малшыларға мемлекеттен қомақты субсидиялар берілетіні жайлы қауесет тарап, қазақстандық шаруалар да осыдан үлес алғысы келген.

Айта кетейік, ұқсас оқиғалар бұған дейін де тіркелген: 2010 жылы Қытай–Непал шекарасында, ал 2021 жылы Қытай–Мьянма шекарасында жергілікті тұрғындар бағандарды жылжытқан болатын.

Қытайлық басылымдар мұндай әрекеттерді «наивті әрі күлкілі, бірақ шекара қауіпсіздігі тұрғысынан өте қауіпті» деп сипаттады. Себебі шекара – тек қазық пен бағаннан тұрмайды, ол – мемлекетаралық келісімдер мен халықаралық шарттардың нәтижесі.

Ең басты мәселе – мұндай жағдай Қытай тарапының Қазақстанға ресми хабарлама жолдауына мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде дипломатиялық тұрғыда ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Оның үстіне, «шекараны қалпына келтіру» міндеті де көбіне шекарашылардың өзіне түседі, ал шаруалар бағандарды орнына қайта қоюға құлық танытпайды.

Бұл оқиға сырттай күлкі шақырғанымен, ішкі саясат үшін ойланарлық нышан бар. Егер қазақстандық малшылар Қытайдың субсидиясы үшін осылайша тәуекелге барып жатса, онда Қазақстан билігі ауыл шаруашылығын қолдаудың қазіргі жүйесіне сын көзбен қарауы тиіс.

Фото: ашық дереккөздер